Басты Жаңалықтар Экомәдениет қалдықты сұрыптаудан басталады

Экомәдениет қалдықты сұрыптаудан басталады

Табиғатта бір пластикалық бөтелке екі жүз жылға дейін ыдырамайды. Ал бір ғана пайдаланылған батарея 20 шаршы метр топырақты немесе 400 литр суды ластауы мүмкін. Сондықтан  қалдықты сұрыптау  экологияны қорғаудың ең қарапайым әрі тиімді жолы.

Бұл туралы Алматыда өткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясындағы экобелсенділердің кездесуінде айтылды. Жиында жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жобалар таныстырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл басынан бері қалада 27 экологиялық акция өтіп, 300 келіден астам пластик бөтелке жиналған. Экобелсенділер, сусын өндіруші ірі компанияларды да бұл іске белсенді араласуға шақырады. Олар бөтелке сыртына қаптаманың қайта өңделетінін және оны қайда өткізуге болатыны жайлы ақпарат көрсетілуі қажет, деп санайды. Бүгінде Алматыда қоқыс қабылдайтын жүзге жуық фандомат орнатылған. Оған өткізілген әр бөтелке үшін 3-5 теңге беріледі немесе қаражатты Аралды сақтауға бағытталған қорға аударуға болады.

Рүстем Қайрыев, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:

Соңғы екі жылда 20 келіден астам пайдаланылған батарея жинадық. Жыл басынан бері шамамен 1 тонна пластик қақпақ қабылдадық. Олардың бәрі қайта өңдеуге жіберіліп, балалар ойыншықтары сияқты жаңа өнімге айналды. Әдетте дайын заттарды балалар үйіне өткіземіз немесе экологиялық көрмелерге қоямыз.
Бөлісу