Басты Жаңалықтар Арал аумағы халықаралық экотуризмнің тізіміне енбек

Арал аумағы халықаралық экотуризмнің тізіміне енбек

Қызылорда облысында Арал ауданының аумағы халықаралық экотуризмнің тізіміне енбек. Бүгінде теңіздің құрғаған табаны мен Қамыстыбас көліне алыс-жақын шет елдерден келетін туристер көбейген. «Арал геопарк» жобасы аясында жүзеге асып жатқан шаруалар туралы өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы айтып берсін.

Бұрын теңіздің бір бөлігі болған Қамыстыбас Сырдария өзені бойындағы ең үлкен көл. Суы мөлдір әрі тұзды болғандықтан, шипасы да мол. Жазғы маусымда айдынның жағалауынан адам арылмайды. Соның ішінде Башқұртстан елінен бір топ қыз-жігіт алыс жолды артқа тастап, табиғаты тылсым көлге арнайы келіпті.   

Алия Саидгареева, турист:

Біз бүгін Қазақстандамыз. Біз мұнда достарымызбен келдік. Қамбаш көлі керемет. Суы жып-жылы. Тап-таза. Бізге мұнда бәрі ұнап жатыр.

Қамыстыбас көлінің жағалауында ауыл кәсіпкерлері келушілерге сервистік қызмет көрсетіп, туристерге қолайлы жағдай жасаған. Демалушылар суға шомылып қана қоймай, құм үстінде жағажай футболы мен волейбол ойнап бой сергітеді. Жергілікті әкімдік алдағы уақытта демалыс аумағын заман талабына сай дамытып, инвесторлар тартуды көздеп отыр.

Аманжол Оңғарбаев, Арал ауданының әкімі:
Аралды құтқару қорымен бірлесіп, біз геопарк Арал деген үлкен жоба жасаудамыз. Облыс әкімдігі оған қолдау көрсетуде. Қамбаш көліне қолайлы әуежай саламыз ба деген жоспарымыз бар. Егер олардың бәрі жүзеге асып жатса, алысты жақындататын үлкен шаруа болады деп есептеймін.
«Арал геопарк» жобасына шетелдіктер тарапынан қызығушылық жоғары. Теңізді өлкедегі бірқатар нысанды халықаралық экотуризм тізіміне енгізу үшін ЮНЕСКО ұйымының эксперттері жуықарада өңірге келіп, нақты шешім қабылданбақ. 


Бөлісу