Басты Жаңалықтар Шебер 30 жылда үш мыңнан астам домбыра жасаған

Шебер 30 жылда үш мыңнан астам домбыра жасаған

Домбыра – қазақтың жаны, ұлттың үні. Оның әр шанағынан төгілген күй – тарихтың, тағдырдың және дәстүрдің жаңғырығы. Ал сол қасиетті аспапты жасап шығаратын шеберлер – ұлттық мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп жүрген жандар. Соңғы жылдары елімізде домбыра жасау өнеріне қызығушылық артып, ұлттық аспапты ерекше әдіспен дайындайтын қолөнершілердің қатары да көбейген.

Елзат Дайырбаев – Абай өңіріне танымал домбыра шебері. 30 жылдан астам уақытын ұлттық аспап жасауға арнаған қолөнершінің қолынан бүгінге дейін үш мыңнан астам домбыра шыққан. Оның туындылары талай әнші мен күйшіге серік болып, үлкен сахналарда күмбірледі. Шебер қазақтың бойтұмарына айналған қасиетті аспапты жасау үшін асқан дәлдік пен зор жауапкершілік қажет, дейді.

Елзат Дайырбаев, қолөнер шебері:

Музыкалық аспаптың дыбыстық дәлдігі бірінші орында тұруы керек. Екінші орында оның дизайны, әдемілігі. Ол сахнаға шыққанда ұлттық аспап болғаннан кейін көрермендерге жақсы, әдемі болып, сүйкімді болып көрінуі керек. Әншіге, күйшіге өте ыңғайлы болуы керек.

Шебердің еңбегі беделді  байқауларда жоғары бағасын алған. Дегенмен, оның ең басты мақсаты – тәжірибесін жас ұрпаққа үйретіп, ұлттық қолөнердің үзілмес сабақтастығын қалыптастыру.

Домбыра жасау – жай ғана ағаш өңдеу емес. Әр домбыраның өз үні, өз мінезі, өз болмысы болады-дейді, Сәкен Назарханұлы. Ол жастайынан ұлттық қолөнерді серік етіп, осы күнге дейін мыңдаған музыкалық аспап жасаған. Шебердің айтуынша, уақыт ағымына қарай домбыра жасаудың технологиясы әр алуан болып жетіліп келеді.

Сәкен Назарханұлы, қолөнер шебері:

Әркім өзінің, заманауи технология дейміз ғой соны пайдаланып жатыр. Шығып өздерінің өнерлерін көрсетіп жатыр. Шет елден ағаш алғызып жатыр. Жігіттер өзінің домбыра жасау шеберлігін арттырып жатыр.

Бүгінде тек Абай облысының өзінде  оннан астам домбыра шебері бар. Әсіресе жастардың бұл өнерге қызығушылық танытып, қатары артып келе жатқандығы қуантады, дейді қолөнерші.

Сәкен Назарханұлы, қолөнер шебері:

Шеберхана, мастер класс көрсететін арнайы бөлмелер, жеке бөлімдер ашамыз деген жақсы жаңалықтар айтып жатыр. Мен ойлаймын болашақта жастар әрі қарай жалғастырады. Өйткені жастардың қызығушылығы өте зор домбыра жасау дегенге.

Ұлттық мұраны ұлықтап, қасиетті қара домбыраның үнін өшірмей келе жатқан шеберлердің еңбегі – ұлт руханиятының ажырамас бөлігі. Қасиетті қара домбыраның күмбірі естілген жерде дәстүр де, тарих та, қазақтың төл өнері де жойылмайды.

Бөлісу