Басты Жаңалықтар Ұлттық домбыра күні Чехияда тойланды

Ұлттық домбыра күні Чехияда тойланды

Чехиялықтар мен осы елде тұрып жатқан қазақстандықтар Ұлттық домбыра күнін атап өтті. Мерекенің құрметіне Прагада құрылған «Әуен»домбыра мектебінің оқушылары шаһардың көрікті жерлерінде ұлттық аспапты көпшілікке дәріптеп, шағын концерт қойды. Әрі домбыра үйретуге арналған шығармашылық, цифрлық жобаларын таныстырды. 

«Аққу» күйін құйқылжыта орындап отырған чехиялық Штепан Паздэрка. Домбыраның қоңыр үніне қызыққан ол қазақтың ұлттық аспабында ойнауды Прагадағы «Әуен»мектебінде үйренген. Қазір сегіз күйді жатқа орындайды. 

Штепан Паздэрка, Прага қаласының тұрғыны:

Ерке сылқым, Балбырауын, Адай, Алаш аманаты, Көңіл толқыны, Салтанат, Көрұғлы жалпы сегіз күй үйрендім. Ең сүйікті күйім, Аққу. Қазақ күйлерін орындағанда ерекше ләззат алам. Қазақтың ұлттық музыкасын, домбыраны жаным сүйеді. Содан болар, Қазақстан елшілігіндегі шараларға қуана қатысып жүрмін.

Прагадағы «Әуен» мектебінің негізін қалаған Ғабит Ғафур. Жерлесіміз осыдан екі жыл бұрын «Отандастар қоры» және Чехиядағы «Qazaq Nomad» ұйымының қолдауымен 8 айлық домбыра үйірмесін жүргізген. Курстың он бес түлегі қазір «Әуен» мектебінде білімін одан әрі жетілдіріп жүр. Ең үздік шәкірттері «Әуен»ансамблінің құрамында өнер көрсетеді.

Ғабит Ғафур, Прагадағы «Әуен» мектебінің жетекшісі:

Менің «Әуен» мектебімде чех, вьетнам азаматтары, украиндықтар,орыс азаматтары барлықтары домбыра үйренгендіктен, біздің жыл сайын домбыраға деген маххабаттарымыз артқаннан досымызбен бірге «dombyrapp» деген цифровой платформа жасап жатырмыз.

Мерекенің құрметіне «Әуен» домбыра мектебінің оқушылары Праганың тарихи жерлерінде күйді күмбірлетіп, қазақ композиторларының шығармаларын ойнап, шағын концерт қойды.

Шетелдіктерге домбыра үйрету үшін Прагадағы Отандастарымыз «Dombrapp» қосымшасын іске қосқан. Жоба авторлары цифрлық платформаны кеңейту үшін инвестор тартуды көздеп отыр.  Чехиялық Штепан да ұлттық аспаптың құлақ күйін келтіруге көмектесетін тегін тюнер-қосымшасын көпшілікке таныстырды. Жастардың мақсаты-заманауи технологияның көмегімен ұлттық аспапты жеңіл үйретіп, «нағыз қазақ- домбыраны» жаһан жұртына паш ету.

Бөлісу