Елорда 28 жылда қалай өзгерді?
28 жылдың ішінде Астананың келбеті ғана емес, инфрақұрылымдық мүмкіндіктері де өзгерді. Қазір елорда Орталық Азиядағы нағыз ірі туристік хаб, инвестициялық орталыққа айналды. Биыл қала экономикасына 860 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл – Астананың бизнес жүргізуге қолайлы, әрі болашағы жарқын қала екенінің айғағы.
Асылбек Данияр, тілші:
Ширек ғасырың ішінде Астана адам танымастай өзгерді. Қаланың сәулеті мен жайлы инфрақұрылымы көпшіліктің таңдайын қақтырып, тамсандыратыны рас. Биылдың өзінде елордаға 350 мыңнан астам саяхатшы келген. Оның 68 мыңы - шетелдік турист. Бұл былтырмен салыстарғанда 12 пайызға көп.
Янек Суст, турист:
Астанаға келгеніме бір аптадай болды. Көрікті орындарын аралап шықтым. Қатты ұнады, өте таза екен. Тұрғындары да қонақжай. Жайқалған жап-жасыл ағаштар қалаға ерекше көрік беріп тұр. Ауасы да саф алтындай таза.
Холли Стридер, турист:
Мен сұлулығына тәнті болдым. Еуразия құрлығындағы керемет заманауи қала. Ұлттық тағамнан дәм таттым. Терең тарихынан сусындадым. Бастысы, қауіпсіздігіне риза болдым. Мен ғана емес, өзге де туристер емін-еркін жүр.
Мақсат Жаңабаев, Қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
Жалпы туризмге тартылып жатқан инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. Инвестиция 438,3 млрд теңге. Жалпы туризмге салынатын инвестициялардың жоспарын қарайтын болсақ бізде ауқымды қонақүйлер салыну жоспарда. Одан бөлек, қазір медициналық туризм де қарқынды дамып келеді. Өзіңіз білесіз, Астана қаласында JCA сертификатталған 7 клиникамыз бар. Статистикаға сүйенетін болсақ, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша медициналдық туристер саны 6000-ға жуық болған. Ол дегеніміз жыл сайын бізде де медициналық туристердің өсімін байқауға болады.
Асылбек Данияр, тілші:
Елордаға келген меймандар зәулім ғимараттар мен қаланың көрікті жерлерін енді биіктен тамашалай алады. Іске қосылғанына көп уақыт өтпесе де, «Tarlan Astana» - әуежай мен вокзал арасын байланыстыратын туристік маршрутқа айналды. Қала тұрғындары мен қонақтары діттеген жеріне кептеліссіз, жедел жетеді. Айта кетейік, LRT іске қосылған 2 айда 3 миллионнан астам жолаушыны тасымалдаған.
Заманауи көлікпен бірге Астанаға цифрлық болашақ та келді. Мен тұрған мына «Alem AI» — жасанды интеллект пен озық технологиялар тоғысқан бірегей кеңістік. Орталық Азияда баламасы жоқ білім мен инновация фабрикасы - еліміздің IT-әлеуетін жаңа деңгейге көтермек.
Сонымен бірге, елордаға келген саяхатшылар «Бәйтерек» монументі, Ұлттық музей, республикалық бас мешіт, Есіл жағалауы, Орталық саябақ пен «Ханшатыр» секілді сауда, ойын-сауық орталықтарына соқпай кетпейді. Бұл дәстүрге айналғалы қашан.
Озық технологиялар, тиімді логистика және туристік тартымдылық. Бүгінгі Астана тек әкімшілік орталық қана емес, заманауи мүмкіндіктер мекені. Ширек ғасырдан астам уақытта іргесі бекіген бас қала, бүгінде өзгерістер мен инновациялардың басты қозғаушы күшіне айналды. Күн санап өскен мегаполис - әрбір тұрғынның болашаққа нық қадам басуына жол ашып келеді.
Автор
Асылбек Данияр
Сондай-ақ оқыңыз
БарлығыҮндістанда нөсер жауын жауып, лай көшкіні жүрді
06.07.2026, 20:18
Шебер 30 жылда үш мыңнан астам домбыра жасаған
06.07.2026, 20:17
Жер сілкінісінен кейін республикалық автожолдар шұғыл тексерілді
06.07.2026, 20:16
АЭС құрылысында 10 мың адам жұмыспен қамтылады
06.07.2026, 20:16
Түркістан облысында 100-ге жуық мектеп жөнделіп жатыр
06.07.2026, 20:14
Creative Aimaq жобасы аясында креаторлар 4,9 млн теңгенің өнімін сатты
06.07.2026, 20:07