Басты Жаңалықтар Францияда орман өрті қаулап, мыңдаған адам қауіпсіз жерге көшірілді

Францияда орман өрті қаулап, мыңдаған адам қауіпсіз жерге көшірілді

Францияда алапат орман өртімен күрес жалғасып жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, 2 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Перпиньян қаласындағы порт пен қайықтарды шарпыған жалынды сөндіруге 200-дей маман мен арнайы техника тартылды. Жақында ғана аптап ыстықтан зардап шеккен елдің оңтүстігінде қазір жел күшейіп, бірнеше өрт ошағы қаулап барады. Жалпы алғанда, биылғы өрт кезінде Францияда 8700 гектар орман жойылып кеткен.

Игуасу сарқырамасын тамашалауға туристер көптеп барып жатыр

Табиғаттың жеті кереметінің бірі атанған Оңтүстік Американың Игуасу сарқырамасындағы су ағыны күшейіп, туристердің назарын аударып отыр. Мұнда әдетте секундына 1 жарым миллион литр су төгілсе, қазір сол көрсеткіш төрт есе артып, 6 миллион литрге жуықтаған. Бұған жауын әсер еткен. Игуасудың аргентиналық бөлігі қауіптің алдын алу үшін, уақытша жабылса, Бразилия жағы саяхатшылар үшін әзірге ашық тұр.

Үйінді астында 8 күн жатқан ер адам құтқарылды

Венесуэлада халықаралық құтқарушылар тобы 8 күн бойы үйінді астында жатқан ер адамды құтқарды. 43 жастағы Эрнан Хиль сауда үйінің опырылған көлік тұрағы астынан 9 метр тереңдікте табылған. Ол осы сауда үйінде күзетші болып жұмыс істеген екен. Құтқарушылар үш күн бойы туннельді тесіп, Эрнанды шығарып алды. Оның денсаулығы жақсы, зілзала кезінде ешқандай зақым келмеген. Іздеу-құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Эбола вирусына қарсы препарат сынақтан өтіп жатыр

Конго демократиялық республикасы Эбола вирусына қарсы екі препаратты сынақтан өткізуді бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолға алған шара бірнеше айға созылмақ. Сынаққа мыңнан аса науқас қатысып жатыр. Әзірге эболаға қарсы қандай да бір ем немесе вакцина ойлап табылған жоқ. Бүгінде індетке шалдыққандар саны 1400-ден асқан. 


Бөлісу