БҰҰ Қазақстанның гуманитарлық операцияларын жоғары бағалады
«Жусан» және «Русафа» атты қазақстандық гуманитарлық операциялар Біріккен ұлттар ұйымы тарапынан жоғары бағаға ие болды. Бұл жайлы Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ-ның Терроризмге қарсы жұмыс апталығына қатысып жатқан Қазақстан делегациясының жетекшісі, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко мәлімдеді. Оның сөзінше, жиын барысында еліміз «Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операцияларының нәтижесін таныстырып, қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарды оңалту және қоғамға қайта кіріктіру тәжірибесімен бөлісті. Пленарлық отырыста «Жусан» операциясы аясында елге оралған Қазақстан азаматы сөз алып, мемлекет қолдауының арқасында жаңа өмір бастап, кәсіп ашып, балаларының білім алып жатқанын айтты. Қазақстан делегациясы БҰҰ-ның Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясын жаңарту жөніндегі келіссөздерге қатысып, бірқатар елмен бірлескен арнайы іс-шаралар өткізді.
Станислав Василенко, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі:
«Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операциялары аясында Қазақстан Сирия мен Ирактан 700-ден астам азаматын елге қайтарды. Олардың басым бөлігі — әйелдер мен балалар. Елге оралғаннан кейін оларға медициналық, психологиялық, әлеуметтік және теологиялық көмек көрсетілді. Қазақстандық тәсіл БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мен халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды. Еліміз бұл бағыттағы тәжірибесін әрі қарай да бөлісуге дайын. Өйткені қазіргі экстремистік қауіп-қатерлерге қарсы тұру халықаралық ынтымақтастық, тәжірибе алмасу және өзара сенім арқылы ғана мүмкін болып отыр.
Ернар Маусымбеков, Aqniet ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы қоғамдық қорының өкілі:
Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш ашқан жоғарғы деңгейдегі конференцияда террористік белсенді аймақтардан қайтарылған адамдарды бейбіт өмірге қайта бейімдеу мәселесін халықаралық деңгейдегі өзекті сұрақтардың қатарына жатқызды. Осы тұрғыда қазақстандық тәжірибені дүниежүзіндегі ең әсерлі жұмыстардың бірі ретінде сипаттап, осы тәжірибе басқа елдерге қолдануға ұсынылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы