Психологтарға жаңа талап
Бұдан былай әлеуметтік желіде өзін психолог ретінде жарнамалап, арнайы білімі жоқ адамдардың еркін қызмет етуіне тосқауыл қойылады. Енді психолог ретінде қызмет көрсететін мамандар міндетті түрде арнайы білім алып, мемлекеттік тізілімге тіркелуі тиіс. Жаңа талаптар халықты жалған мамандардан қалай қорғайды?
Псевдопсихологқа сеніп, ақшасын да, уақытын да сарп еткендердің да бірі – алматылық Асан Әбілдаев. Ол алты апталық онлайн курсқа 400 мың теңге төлеген. Айтуынша, жүзден астам адам қатысқан онлайн сабақта тек жалпы кеңестер беріліп, жеке мәселесіне ешкім көңіл бөлмеген. Нәтиже көрмеген соң, кәсіби психологқа жүгініп, нақты көмек алған. Сондықтан, жалған мамандардың көксегіні - адамға көмектесу емес, қымбат курсын сату дейді.
Асан Әбілдаев, қала тұрғыны:
Псевдопсихологтардың ең басты белгілері олар әлеуметтік желіде өзінің жарнамаларын береді. Және жарнамада вебинарға сілтеме жасайды. Вебинарға өткен соң нөмір қалдыруды ұсынады. Сосын нөмір қалдырған соң олардың менеджерлері үздіксіз хабарласып, өздерінің курстарын сатады. Психологтар көбіне қымбат курстарын банк арқылы бөліп төлеу арқылы сатады. Өйткені ол жердегі сумманы көп адамдардың қалтасы көтере алмайды ғой.
Осындай жағдайлардың алдын алу үшін жаңа заң қабылданды. Енді психологтың міндетті түрде арнайы білімі болуы керек. Сонымен қатар, барлық маман мемлекеттік тізілімге енгізіледі. Бірыңғай тізілім 2028 жылдан бастап іске қосылады. Оған дейін мамандар жаңа талаптарға сай дайындықтан өте алады. Заңгерлердің айтуынша, өзін психолог ретінде таныстырып, адамның денсаулығына ауыр зардап келтіргендерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Жанділдә Әжіғалиұлы, заңгер:
Біріншісі ірі көлемде айыппұл салынады, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады 190 бапта көрсетілген. Келесі бап ол - қорлау деген бап бар. Яғни, оның денсаулығына тікелей зардап тигізу, оның денесіне зардап тигізу соның бәрі қорлауға жатады. Сосын тағы бір бап бар. Ол - азаптау. Ол деген сөз көпшіліктің алдына шығарып, оны қинап, психологиялық түрде де денсаулығына да тікелей зардап тигізген жағдайда ол да арнайы бап бойынша көп жылға сотталуы мүмкін.
Жаңа заң психологиялық қысым көрсететін қауіпті тәсілдерге де тосқауыл қояды. Енді адамның жеке мәселесін көпшілік алдында жариялап, оны масқаралап, фото-видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге таратуға жол берілмейді. Психологтардың айтуынша, мұндай әрекеттер адамның психикасына ауыр соққы болуы мүмкін.
Ғалияш Мақашева, психолог:
Бұл нәрсе біздің де ішімізді қатты ашытатын. Бізде топтық терапияларды жүргіземіз. Негізі кәсіби салада топтық терапия жүргізіледі. Бірақ топтық терапия жүргізудің арнайы шаралары бар. Топқа келетін қатысушылармен келісім-шартқа отырады, олардың саны болады белгілі бір. Дәл осындай 200-100 адамның алдында адамды ортаға шығарып, қандай да бір жаттығу жасау, оның сезімдерін қозғайтын жаттығу жасау - үлкен қателік. Мұндай қателікті кәсіби дипломы бар мамандар да жасап жүр.
Мамандардың айтуынша, топтық терапия тек кәсіби талаптарға сай жүргізілуі керек. Ал күрделі психологиялық мәселелермен арнайы даярлығы бар мамандар ғана жұмыс істейді.
Бүгінде елімізде психологтарды 43 жоғары оқу орны даярлайды. Онда 17 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Жыл сайын шамамен 4 мың түлек осы салаға келеді. Жаңа заңның басты мақсаты – психологиялық қызметтің сапасын арттырып, халықты жалған мамандардан қорғау.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы