Басты Жаңалықтар Елімізде жыл басынан бері 1 миллион ағаш отырғызылды

Елімізде жыл басынан бері 1 миллион ағаш отырғызылды

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында елімізде жыл басынан бері 1 млн-нан астам ағаш отырғызылды. Бұл туралы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысында айтылды. 4 миллионнан астам адам, оның ішінде 510 мың ерікті қатысқан 200-ден астам экологиялық іс-шара өтті. 76 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 413 мың тонна қалдық шығарылды. Оның 115,7 мың тоннасы қайта өңдеуге жіберілген. Ал бастама жүзеге аса бастаған үш жыл ішінде елді мекендерде 5,6 миллионнан астам ағаш отырғызылып, мемлекеттік орман қорында 1 миллиардтан астам көшет егілді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы бір жолғы экологиялық акциялар форматынан экологиялық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың қоршаған ортаның жай-күйі үшін жауапкершілігін арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі дәйекті мемлекеттік саясатқа айналды. Бұл ретте «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асырудың тиімділігі өткізілген шаралар санымен емес елді мекендердің жағдайының, халықтың экологиялық мәдениеті деңгейінің нақты өзгерістерімен және қол жеткізілген нәтижелердің тұрақтылығымен бағаланады.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жұмысы күшейтіледі

Кеңесте тұрмыстық қалдықтарды басқару және қайта өңдеу мәселелері де қаралды. Былтыр коммуналдық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үлесі 30,7 пайызға жеткен. Кәдеге жарату төлемі есебінен 374 миллиард теңгеге 68 жоба мақұлданып, оның 12-сі іске қосылған. Премьер-министр Экология министрлігіне бір апта ішінде жаңа қатты тұрмыстық қалдық полигондарын салу тетігі бойынша қаулы жобасын енгізуді және қайта өңдеу жобаларына тексеру жүргізіп, нақты шешімдер қабылдауды тапсырды. Ал облыс әкімдіктеріне заңсыз қоқыс үйінділерін жою жұмысын күшейтуді міндеттеді.


Бөлісу