Басты Жаңалықтар Қазақстан ЖИ және жоғары технологиялық өндіріс саласындағы екі халықаралық бастамаға қосылды

Қазақстан ЖИ және жоғары технологиялық өндіріс саласындағы екі халықаралық бастамаға қосылды

Қазақстан жасанды интеллект және жоғары технологиялық өндіріс саласындағы екі халықаралық бастамаға қосылды. Құжатқа  Премьер-Министрдің орынбасары – ЖИ және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қол қойды. Бұл бастамалар Қазақстанға қалай әсер етпек? Маңызы қандай? Вашингтонда өткен Pax Silica саммитіне қатысып келген тілшіміз Темірлан Нұржанұлы тарқатады.

Жасанды интеллект қазір күнделікті өмірден бөлек бизнеске, мемлекеттік басқару саласына да еніп үлгерді. Бірақ оның артында көпшілік байқай бермейтін үлкен өндірістік жүйе бар. Қуатты модельдерді іске қосу үшін чиптер, деректер орталығы және маңызды минералдар қажет. Осы тізбектің болашағы Вашингтонда өткен Pax Silica саммитінде талқыланды. Оған 30-дан астам мемлекет қатысып, ЖИ және жоғары технологиялық өндіріс саласындағы әріптестікті күшейту мәселесін қарады. Қазақстан да екі халықаралық бастамадан шет қалмады.

Жаслан Мәдиев, Премьер-министрдің орынбасары – ЖИ және цифрлық даму министрі:

Бүгін Қазақстан екі маңызды халықаралық бастамаға қосылды. Оның бірі ЖИ саласында озық елдермен әріптестікті нығайтуға бағытталған. Ал екіншісі жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға арналған. Соның аясында ұйымға мүше мемлекеттер жартылай өткізгіштер, чиптер, батареялар және стратегиялық маңызды минералдарды өңдеу салаларында бірлесіп жұмыс істейді. Бұл Қазақстанға жаңа өндірістерді дамытуға, ірі халықаралық компанияларды тартуға және экономикаға инвестиция әкелуге мүмкіндік береді.

Бүгінде чип тапшылығы, минерал нарығындағы бәсеке мен энергияға сұраныс әлем бойынша өзекті- ақ. Сондықтан ортақ іске әр мүше мемлекет өз үлесін қосады. Қазақстан үшін бұл бағыттағы негізгі көзір – маңызды минералдар, деректер инфрақұрылымы және кадр әлеуеті. АҚШ тарапы да бастаманың себебін осымен байланыстырып отыр.

Джэйкоб Хелберг, АҚШ мемлекеттік хатшысының экономикалық даму, энергетика және қоршаған орта бойынша орынбасары:

Егер ХХ ғасырдың бас күші мұнай мен болат болса, ХХІ ғасырдың тірегі – есептеу қуаты, энергия мен жасанды интеллект инфрақұрылымы. Бұл салаларда мүмкіндік жетіп жатыр. Алайда сенімді елдер арасында технология алмасу, маман даярлау, инвестиция тарту және жеткізу тізбегін дамыту бағытында әлі де шешілмеген мәселелер бар. Мұндай міндеттерді бір ел жалғыз өзі еңсере алмайды. Сондықтан Pax Silica бастамасы қолға алынды.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Ресми дерек бойынша, Қазақстан АҚШ Геологиялық қызметі айқындаған 60 маңызды минералдың 20 түрі бойынша өнім ұсына алады. Сондай-ақ Data Center Valley жобасы аясында Жи инфрақұрылымына 10 миллиард доллар инвестиция тарту және 100 мың заманауи GPU чипіне негізделген есептеу кластерін құру жоспарланған. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның жасанды интеллектке қажет инфрақұрылым мен ресурстық база бағытында әлеуеті бар екенін аңғартады. Енді алдағы кезеңде бұл мүмкіндіктің нақты инвестициялық, өндірістік және технологиялық жобалар арқылы қалай іске асатыны маңызды болмақ.



Бөлісу