Басты Жаңалықтар Елімізде алғаш рет криптоайырбастау операторына лицензия берілді

Елімізде алғаш рет криптоайырбастау операторына лицензия берілді

Ұлттық Банк алғаш рет елімізде криптоайырбастау операторына лицензия берді. Ресми рұқсат құжатын алған Pax Finance компаниясы енді ел аумағында криптовалютаны заңды түрде сатып алу және сату қызметін көрсетеді. Сонымен қатар, клиенттерге криптоәмияндар ашып, цифрлық активтерді сақтау қызметін ұсынады. Барлық өңірде өз бөлімшелерін ашып, криптоматтар орнатуға құқылы. Қызметті Қазақстан азаматтары да, шетелдік клиенттер де пайдалана алады. Ұлттық Банк мәліметінше, криптоайырбастау операторы мәртебесін алу үшін компания бірқатар талапқа сай болуы қажет. Атап айтқанда, ол Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркелуі, жеткілікті меншікті капиталға ие болуы, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін енгізуі тиіс. Бұдан бөлек, клиенттерді сәйкестендіру және тексеру талаптарын орындап, цифрлық активтерді қорғауға, киберқауіптердің алдын алуға міндетті.

Мадияр Қызайбеков, ҚР Ұлттық банкінің төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялыары департаменті басқармасының бас маманы:
Нарықтың дамуына қарай лицензияланған компаниялар саны артуы мүмкін. Ұлттық банк орын санын шектемейді. Әр компания, егер қойылған талаптарға сай болса, Ұлттық банк тек сенімді және талаптарға сай компанияларға лицензия береді. Соған қоса, осы Қазақстанда болып жатқан лицензия тәртібі енгізген, енгізілуі криптонарықтың ашықтығын арттырады. Инвесторлар мен тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтеді.


Бөлісу