Басты Жаңалықтар Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 7 ауқымды жоба жүзеге асады

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 7 ауқымды жоба жүзеге асады

Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 3,65 трлн теңгеге келісім шарт жасалды. Оның 2 трлн-ға жуығы елге тартылған инвестиция. Алдағы жылдары ауқымды 7 жоба жүзеге асырылмақ. Атап, айтсақ, Алматы, Қарағанды, Семей, Ақтөбе қалаларында университеттік ауруханалар салынады, Сәтбаев университеті жанынан 300 төсек студенттік жатақхана бой көтереді. «Алматы – Ыстықкөл» автожолы жаңғыртылады, сондай-ақ Маңғыстау облысында теңіз суын тұщыландыру зауыты іске қосылады. Бүгін Астанада өткен халықаралық инвестициялық диалог алаңында осы жобаларды қаржыландыру, шетелден капитал тарту мүмкіндіктері талқыланды. Шараны Азия даму банкі ұйымдастырды. Жиынға Қазақстан Үкіметінің халықаралық қаржы институттарының, инвесторлардың, банктер мен консалтингтік компаниялардың өкілдері қатысты.

Айдос Көбетов, Қазақстан МЖӘ Орталығы басқарма төрағасының І орынбасары:
Бізде сұраныс қазір әлеуметтік салада. Ол жерде қаражат жетіңкіремейді, инвесторлардың көмегі қажет. Сол себепті біріншіден, білім беру саласы, жалпы 1300 жобаға жуық дедік қой, соның 50%-дан астамы білім беру саласындағы жобалар. 18 пайызға жуығы денсаулық сақтау саласындағы жобалар.
Такео Коике, Азия даму банкінің нарықты дамыту және МЖӘ жөніндегі кеңсе басшысы:
Біз Қазақстан Үкіметімен бірлесіп, үш жобаны дайындап жатырмыз. Олар – Қарағанды медицина университетінің ауруханасы, гидроэнергетика бағдарламасы және Сәтбаев университетінің студенттерге арналған жатақханасы. Сонымен қатар, жуық арада тағы екі аурухана жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Банк алдағы уақытта да Үкіметтің осы бағыттағы бастамаларын қолдауға ниетті. Өйткені бұл әріптестік инвестиция тартуға және халыққа сапалы қызметті қолжетімді етуге мүмкіндік береді.


Бөлісу