Басты Жаңалықтар Халықтық конституция Брюссельде талқыланды

Халықтық конституция Брюссельде талқыланды

Жаңа Конституция мен Құрылтай сайлауы Брюссельде талқыланды. Еліміздің Бельгиядағы елшілігінің «Шаңырақ диалогтары»атты пікірталас алаңының аясында ұйымдастырылған басқосуға Еуроинституттардың, сарапшылар қауымдастығы мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Елші Роман Василенко Конституция Қазақстанда демократиялық институттарды, заң үстемдігін нығайтуға және Еуроодақпен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге берік негіз қалайды деп атап өтті. Шараға Ел Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов арнайы қатысты. Пікірталас платформасына жиналғандардың пайымынша, соңғы реформалар елдің мемлекеттік басқару моделін, саяси жүйесін түбегейлі өзгертіп, заңның үстемдігін арттыруға бағытталған нық қадам. Ұлттық мүдде, білім мен ғылым,инновацияны дамыту сынды өзекті мәселелерге басымдық берілгенін де сарапшылар қызу талқылады. Тың өзгеріс қоғамдық келісімді күшейтіп, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырады, дейді шетелдік сыншылар.

Эдуардс Стипрайс, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі:

Конституциялық реформаның басты мәні – қазақстандық қоғамның, саяси жүйе мен экономиканың сыртқы және ішкі сын-қатерлерге төзімділігін күшейту. Елдің басты құжаты қоғамды анағұрлым қуатты, біртұтас және болашақтың кез-келген сынағына дайын етуі тиіс.

Жандос Шаймарданов, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

Конституциялық өзгерістер біздің сыртқы саясатымызға қалай әсер етеді деген сұрақтар қойылды. Біз оның теңгерімді сипатқа ие екенін және стратегиялық әріптестік қатынастарымызды, соның ішінде Еуропалық одақпен байланыстарымызды нығайтуға бағытталғанын көріп отырмыз. Жаңа Конституцияның қабылдануы саяси серіктестеріміз үшін тек пайда әкеледі.


Бөлісу