Борышкерлерге барлық қарыз үшін бір төлем кестесі жасалады
Борышкерлерге барлық несие қарызы үшін бір төлем кестесі жасалады. Таяуда жаңа платформа іске қосылмақ. Бұл жүйе қарызы көп азаматтарға қандай мүмкіндік береді? Микрокредит рәсімдеуге қатысты да жаңа талаптар енгізілген. Нені білу керек?
Былтыр қазақстандықтар шамамен 24 трлн теңге несие рәсімдеген. Жыл сайын халықтың жалпы кредит көлемі 7-8%-ға артады. Енді бұрынғыдай оңды-солды несие берілмейді. Ұлттық банк қарыз беруге қатысты жаңа талапты бекітті.
Банктер қарызды нақты табыс коэффицентімен
есептейді. Ипотека, автокредит, бөліп төлеу сынды ай сайынғы қарыздар ресми
жалақының 50%-нан асып кетсе, ешбір қаржы ұйымы кредит бермейді. Одан бөлек, зейнетақы жарнасына, міндетті медициналық
сақтандыруға жүйелі түрде қаржы аударылмаса, бұл да ескеріледі. Барлығы арнайы
деректер базасында көрсетіледі.
Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық банктің баспасөз хатшысы:
Бұл қарыз жүктемесі жоғары қарыз алушылардың берешегін одан әрі өсірмеу үшін қабылданған шара. Және халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алуға мүмкіндік береді. Қарыздың табысқа қатынасты коэфициентін енгізу төлеуге қабілетті қарыз алушылардың кредит алуына айтарлықтай әсер етпейді. Сонымен қатар жүктемесі жоғары клиенттер үшін жаңа қарыз алу мүмкіндігі белгіленген көрсеткіш аясында шектеледі.
Сондай-ақ микрокредитке қатысты талаптар да қатаңдады. Несие тарихы жоқтарға енді 100АЕК-тен артық жылдам несие берілмейді және онлайн рәсімделмейді. Әр қарыз алушы биометриялық сәйкестендіруден өтеді. Ал микроқаржы ұйымдары клиентке келісімшарт талаптарын бүге-шүгесіне дейін түсіндіруге міндетті.
Назгүл Естеусізова, ҚР Микроқаржы омбудсмені:
Несие тарихы кімде жоқ? Ол біздің зейнеткер ата-апаларымызда, онан кейін мына жасөспірімде. Жаңадан 18-ге толып жатқан, несие тарихы жоқ, мүлдем білмейді. Сондықтан басында бір шектеу қойып, сосын қабілеттілігін көрсетсе, ай сайын төлеп, дисциплинасын көрсеткеннен кейін барып, үй болмасын, басқа да жағдайларына қарастырылады.
Микрокредит алғандардың 3/2-де басқа да қарыздары бар. Яғни олар бірнеше жерден несие рәсімдеген. Деректер базасында бір басында 25 кредиті бар азамат тіркеліпті. Сондықтан 12 шілдеден бастап борышкерлерге арналған жаңа платформа іске қосылады. Тұтынушылық несие алғандар, микрокредиті көптер осы платформаға онлайн түрде өтінім беріп, қарызын біріктіре алады. Яғни барлық кредит үшін бір төлем кестесі жасалады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы