Жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды
«Байрағы биік байтағым». Осындай атаумен Астана күніне орай республикалық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Биыл 13 рет ұйымдастырылған байқауға 120-дан астам сөз зергері өтініш берген. Арасынан үздік 12 шайыр іріктеліп, жыр додасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандарға 12 миллион теңге бұйырады. Ол аздай үздік шығармалар жинақ болып басылып шығады. Бір мүшелде артқа тастаған бұл байқау - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлының игі бастамасы.
Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрағасы:
Өзі көзі тірісінде 10 рет өткізді. Ең мәртебелі поэзия жәрмеңкесі деп айтуға болады. Өйткені бұл мүшайраның қоржыны қомақты. Бұл жерде Астана күні ғана емес тақырыбымыз, Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы, Ата Заңымыздың жаңарып жатуы ақындардың тілдеріне тиек болды.
Жыр бәйгесіне адуынды ақындар мен қаламгерлер төрелік етті. Іріктеудің оңай болмаған. Туындылардың арасынан шоқтығы биік болған 12 ақын марапатталды. Оның бесеуі арнайы сыйлыққа ие болса, қалған жетеуіне жүлделі орындар берілді. Бас жүлде халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Нұржан Қуантайұлына бұйырды. Ол бұл байқауға «Астана» және «Отаным» балладасын ұсынған.
Нұржан Қуантайұлы, жеңімпаз:
Ерекше күн. Өйткені, мұндай республикалық атақты мүшәйрадан бас жүлде алу екінің біріне бұйыра бермейді. Мүшәйрадан бас жүлде бірінші рет алып отырмыз. Жалпы, мүшәйраға көп қатыспаймын. Қуанып отырмыз.
Айта кетейік, 13 жылдық тарихы бар мүшәйраға осы уақыт аралығында еліміздің әр өңірінен екі мыңға жуық автор қатысып, жыл сайын жүзден астам ақын өз шығармасын ұсынып келеді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған шығармашылық байқау Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы