Президент бірқатар кездесу өткізді
Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысы аясында Президент бірқатар кездесу өткізді. Еуропалық қайта құру және даму, Ислам даму банкінің президенттері, сондай-ақ әлемнің үздік компания басшыларымен бірлескен жобаларды талқылады.
Әуелі Мемлекет басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассоны қабылдап, еліміздің экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін банк басшылығына ризашылық білдірді. Бүгінде Даму институты Қазақстанда жалпы құны 3,1 миллиард еуродан асатын 131 жобаны қаржыландырып отыр. Одиль Рено-Бассо Қазақстандағы стратегиялық мақсаттарды сапалы түрде іске асыруға берік негіз қалайтын жағымды инвестициялық ахуал мен экономикадағы құрылымдық өзгерістерді оң бағалап, Қазақстан олар үшін маңызды елдердің бірі саналатынын айтты.
Сондай-ақ Президент VEON компаниялар тобының бас атқарушы директоры Мухтерем Каан Терзиоглумен де кездесті. Мемлекет басшысы елімізде ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан VEON компаниясының отандық телекоммуникацияны және цифрлық экожүйені өркендетуге қосқан үлесін жоғары бағалады. Бұл компания алдағы үш жылда еліміздің экономикасына тағы бір миллиард доллар инвестиция құюға ниетті. Инвестор «Цифрлық Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруға аса қызығушылық танытты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғандардың бірі - AD Ports Group компаниясының басқарушы және бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Шамиси. Әңгімелесу барысында Орта дәлізді дамыту аясында Каспий аймағының көлік-транзит әлеуетін кеңейту перспективасы талқыланды. Мұхаммед Әл-Шамиси холдингтің ұзақмерзімді ынтымақтастыққа және өңірдегі серіктестікті нығайтуға стратегиялық тұрғыдан қызығушылық танытатынын растады.
Мемлекет басшысы Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассерді де қабылдады.Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму банкі осы жылдар аралығында Қазақстанның ұлттық даму басымдықтарын қолдайтын сенімді серіктеске айналғанын атап өтті. Бүгінге дейін Ислам банкі елімізге сомасы 4,2 миллиард доллардан астам қаржы бөлген. Ал қазіргі және келешектегі жобалар портфелі 3 миллиард доллардан асады.
Мемлекет басшысы АҚШ Сауда палатасының Таяу Шығыс, Түркия және Орталық Азия істері жөніндегі аға вице-президенті Хуш Чоксиді қабылдады. Президент Қазақстанның америкалық бизнес үшін қолайлы инвестициялық климат жасауға бейіл екенін атап өтті. Хуш Чокси болса, байланыстарды одан әрі дамыту әлеуетінің жоғары екеніне тоқталып, өзара қызығушылық тудырған бірқатар салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Cameco корпорациясының атқарушы директоры Тим Гитцель де президентпен жүздесті. Мемлекет басшысы Cameco компаниясының «Қазатомөнеркәсіп» компаниясымен уран саласындағы 30 жылдық стратегиялық серіктестігінің нәтижесіне жоғары баға берді. Кездесуде атом саласындағы ықпалдастықты одан әрі ілгерілету, бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды.
Ал Anadolu Group холдингінің төрағасы Камиль Сулейман Языджи Мемлекет басшысына компаниялар тобының Қазақстандағы жұмыс нәтижесі мен жаңа инвестициялық бастамаларды қолға алу перспективасы жөнінде мәлімет берді. Кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және экономиканың түрлі секторындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы