ІТ, логистика, ауыл шаруашылығы: Президент инвестицияның басым бағыттарын атады
Астанада халықаралық инвесторларға геологиялық деректер ұсынатын бірыңғай орталық құрылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы бүгін инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысында айтты. Мемлекет басшысы жаңартылған Конституциялық нормалар инвесторлар құқығын барынша жоғары деңгейде қорғайтынына ерекше тоқталды. Жиында алдағы жоспардан бөлек, инвестициялық ахуалды жақсарту, ашықтықты арттыру және бизнес жүргізу шарттарын жеңілдетуге бағытталған кешенді мәселелер талқыланды.
Шетелдік инвесторлардың кеңесі. 38-пленарлық отырыс. Бүгін Үкімет мүшелерінен бөлек, 30-ға жуық инвестор Тәуелсіздік сарайына келді. Олардың бірқатары бұрыннан серіктес. Сонымен шетелдік меймандар қай салаларға қызығып отыр?
Сұлтанғали Кенжеқұлов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
Соңғы кезде логистика, көмір-химия, ІТ цифрландыру секілді салаларға қызығушылық білдірді. Одан кейін ауыл шаруашылығы саласы бар.
Томас Ервин, Мемлекеттік сектор және инфрақұрылым жөніндегі жаһандық ЖИ жетекшісінің орынбасары:
Ең алдымен табиғи ресурстар саласын атар едім. Сондай-ақ деректер инфрақұрылымы мен цифрлық технологиялар саласына инвестиция тартуға үлкен мүмкіндік бар.
Иә инвестициялық көрсеткіш көлемі жағынан Қазақстан – Орталық Азиядағы көшбасшы. Жиынтық көлемі 150 миллиард доллардан асады. Бұл алдымен саяси тұрақтылықтың нәтижесі. Екіншіден, инвесторларға жасалған мүмкіндіктердің жемісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Инвестициялық штаб қызметі жедел шешім қабылдауға және инвесторларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған. Бизнеске институционалдық кепілдіктермен бірге ұзақмерзімді нақты ынталандыру тетіктерін ұсынамыз. Бүгінде шетелдік кәсіпкерлер салықтық жеңілдіктер мен оңайлатылған көші-қон рәсімдері қарастырылған Altyn Visa бағдарламасының артықшылығын пайдалана алады.
Жасанды интеллект жаһандық дамудың қозғаушы күшіне айналып барады. 2033 жылға қарай әлемдік ЖИ экономикасының көлемі 5 триллион долларға жуықтайды. Демек, инвестицияны осы салаға қарай бағыттау қажет. Бұл ретте Қазақстанның мақсат-міндеті айқын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құруға ниеттіміз. Бірегей жоба жаһандық капитал мен әлемнің жетекші технологиялық компанияларының басын қосатын қуатты орталыққа айналмақ. Amazon, G42 және басқа да салалық көшбасшылар осы экожүйеге қатысу мүмкіндігін қарастыра бастады.
Шикізат өндіруден бастап сатуға дейін. Енді мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу тізбегін толық бақылайтын арнайы жүйе енгізіледі. Президент осы саладағы цифрлық мүмкіндіктерге де тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын іске қостық. Бұл олардың міндеттемелерін лицензиялауға және бақылауға қатысты 22 мемлекеттік қызметті автоматтандырды. Бұрын тек қағаз және магниттік форматтарда ғана болған 4,7 миллионнан астам архивтік геология құжаттары мен материалдары Бірыңғай ұлттық цифрлық қорға көшірілді. Сондай-ақ алдағы уақытта инвесторларға геологиялық деректер ұсынатын бірыңғай орталық құрылады.
Инвестиция тартуды қажет ететін маңызды стратегиялық салалардың бірі – көлік-логистика. Еліміз арқылы 13 ірі халықаралық көлік дәлізі өтеді. Сондықтан Қазақстан көлік инфрақұрылымы, оның ішінде Транскаспий дәлізіне қомақты қаражат құюды көздеп отыр. Мемлекет басшысы өткен жылдың соңынан бастап кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтер ұсыну үшін «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Smart Cargo бірыңғай цифрлық платформасы енгізіліп жатқанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Платформа негізгі рәсімдердің бәрін бірыңғай цифрлық ортаға жинақтап, әкімшілік кедергілер мен транзит уақытын айтарлықтай қысқартады. Алғашқы кезеңнің өзінде Қытай – Өзбекстан бағыты бойынша транзиттік операциялар толық цифрландырылды, ал мемлекеттік шекарадан өту үдерістері электронды форматқа ауыстырылды. Бұл халықаралық жүк тасымалын жылдамдатып, ашықтықты қамтамасыз етті.
Сондай-ақ Президент халықаралық инвесторларды ауыл шарауашылығы және толық цифрланған қала ретінде дамитын Алатаудағы ауқымды трансформацияға атсалысуға шақырды. Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан елеулі үлесі және еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытындағы көп жылғы нәтижелі қызметі үшін кеңес мүшелерінің бірқатарын ІІ дәрежелі «Достық» орденімен және «Құрмет» орденімен марапаттады.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Тиімді реформа жүргізу үшін үздіксіз диалог қажет. Бүгінгі бас қосудың мақсаты да осы. Инвесторлар жасанды интеллект, цифрлық даму, логистика, ауыл шаруашылығы секілді Қазақстанның басым бағыттарын бірлесе дамытуға қарсы емес. Президент олардың құқығы ең жоғары халықаралық стандартқа сай деңгейде қорғалу қажет деген тапсырма берді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы