Басты Жаңалықтар Қызылорда жастары жаңа бастамаларды көтерді

Қызылорда жастары жаңа бастамаларды көтерді

Қызылордада түрлі салада еңбек етіп жүрген белсенді жастар облыс әкімімен кездесті. «Жаңа Конституция – жарқын болашақ бастауы» атты еркін форматта өткен басқосуда Ата заң тармақтары талқыланып, жаңашыл жастар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. 

Аймақ жастары бүгінде қоғамның тыныс-тіршілігіне етене араласып, елдік мүдде жолында белсенділік танытып келеді. Жергілікті билік тарапынан да жас мамандарға түрлі қолдау бар. Мәселен «Сыр жастары» жеңілдетілген ипоеткалық бағдарламасы арқылы соңғы екі жылда 200 пәтер беріліп, жас отбасылар мемлекет қамқорлығын сезінді.  

Арай Шәкізада, журналист:

Баспананы аз пайызбен алу және ерте алу тиімді бағдарламалармен алу бұл 10-15 жылды үнемдеу болып саналады және Сыр жастары жобасы бұл аймақтағы ең бір аталмыш үздік жобалардың бірі деп айта аламын.

Қазіргі таңда өңірде жасанды интеллект пен цифрлық технология саласына жастардың қызығушылығы арта түскен. Әкіммен кездесуде олар заман талабына сай ІТ Нub орталығын ашу туралы ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ, жас қолөнершілер мен Сыр волонтерлері де жаңашыл бастамаларын айтып, өз жетістіктерімен бөлісті. 

Бейбітжан Қобыланов, волонтер:

Қазіргі таңда Сыр волонтерларының құрамында 500 тарта ерікті жастарымыз бар. Тек қана Сыр өңірінің мәселелеріне ғана емес, жалпы мемлекетте болып жатқан кез келген түйіткілді мәселелердің басында болуға атсалысамыз.

Ақбота Шәмшиева, қолөнерші:

Мен алдағы уақытта осы өзіміздің мәдениетімізді, қолөнер бұйымдарын әсіресе, қазақтың мәдениетін сыртқа шет елге, әлемдік деңгейде таныстыруға одан әрі жалғасын таба берсе деген өзімнің ниетімді білдірдім.

Емен-жарқын жүздесуде күні кеше заңды күшіне енген халықтық Конституцияның ел өміріне серпін беретін заң нормалары да сөз болды. Аймақ басшысы жастарды білім-ғылымға ден қойып, креативті жобаларымен ел дамуына үлес қосуға шақырды.


Бөлісу