Басты Жаңалықтар Жаңа Конституция: Реформаларды іске асыру кезеңі басталды

Жаңа Конституция: Реформаларды іске асыру кезеңі басталды

Жаңа Конституцияны сапалы жүзеге асыру бағытында ауқымды шаралар жүзеге асады. Үкімет отырысында Премьер-министр жауаптыларға нақты тапсырма берді. Халықтың әл-ауқатын арттырып, елімізді дамыту жолында қандай жұмыс жүргізілетінін Самал Қабышева рет-ретімен баяндайды.

Елімізде жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты түбегейлі өзгерістер басталды. Неке және отбасы мәселелері бойынша жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Діни қызмет туралы заңға түзетулер енгізіледі. Жаңа Құрылтай жұмысына арналған  платформа іске қосылады.

Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:

Цифрлық ортада дербес деректерді қорғау және Мемлекеттің әлеуметтік саясатын жетілдіру бойынша жаңа тәсілдер әзірленуде. Басты міндеттердің бірі Конституцияға енгізілген новеллаларды Әділетті Қазақстан призмасы аясында іске асыру.

Жұмыспен қамту жүйесі жаңартылады. Орталықтар жаңа форматқа көшеді. Жүк авиациясын дамытудың бес жылдық жоспары әзірленді. Халықты баспанамен қамту мәселесі де басты назарда.

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Биыл құны 1,7 трлн теңге болатын 200 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Бүгінгі таңда құны 252 млрд теңгеге 74 жоба іске қосылды. Биыл 20 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарлануда.

Шағын және орта бизнестің дамуы - халықты жұмыспен қамтып, экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етеді. Осы тұрғыда Үкімет басшысы бизнеске арналған мүмкіндіктерді кеңейту үшін жаңа цифрлық қолдау құралдарын енгізуді тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Бүгін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Бұл – еліміздің алдағы онжылдықтардағы даму бағдарын айқындайтын негізгі құжат. Ата Заңның қабылдануы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан елімізді жаңғыртудың жаңа кезеңін азаматтарымыздың жаппай қолдайтынын анық көрсетті. Барлық мемлекеттік және қоғамдық институттарды түбегейлі жаңғырту басталды.

Премьер-министр Сыртқы істер министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп, барлық жобаға қолдау көрсету және инвесторлардың заңды құқықтарын қорғау жұмыстарын жүйеге келтіруді міндеттеді.

Самал Қабышева, тілші:

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов осындай тапсырмалар беріп, реформаларды іске асырудың басым бағыттарын айқындады. Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру, инфляцияны тежеу, отандық өндірісті қолдау және экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Бұл Қазақстанның даму қарқынын үдетіп, әрбір азаматтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған қадам. Жаңа Конституцияны сапалы жүзеге асыру - ендігі басты міндет.
Бөлісу