Басты Жаңалықтар Халықтық Конституция – Әділетті Қазақстанның құқықтық негізі

Халықтық Конституция – Әділетті Қазақстанның құқықтық негізі

Халықтық Конституцияның елдің құқықтық жүйесін жетілдіруде, мемлекеттік басқаруды жаңғыртуда рөлі айрықша. Бас құжат қоғамның орнықты дамуын қамтамасыз етеді. Алматыда өткен басқосуда зиялы қауым өкілдері осылай деп отыр. Сарапшылардың айтуынша, Халықтық Конституцияда адами капиталды дамытуға, ғылым мен инновацияны қолдауға ерекше мән берілген. Бұл экономиканың тиімді дамуына және мемлекеттік басқару шешімдерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, дейді. 

Жиынды ашқан қала әкімі Дархан Сатыбалды Халықтық Конституция - құқықтық нормаларды бекітумен қатар, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, тиімді мемлекеттік басқаруды және қоғамдық жауапкершілікті басты құндылық ретінде айқындайтынын айтты.

Дархан Сатыбалды, қала әкімі:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, жаңа Конституция еліміздің ұзақ мерзімді дамуының берік құқықтық негізін қалыптастырып, жаңа қоғамдық келісімнің өзегіне айналады. Сондықтан оның бүгін заңды күшіне енуі – Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды құру жолындағы реформалардың жаңа кезеңге өткенінің айқын көрінісі.

Қала әкімінің айтуынша, Алматыны 2030 жылға дейін дамыту стратегиясы Халықтық Конституцияның негізгі қағидаттарымен үндеседі. Қалада заманауи көлік инфрақұрылымы дамып жатыр. Almaty AI Park жобасы, Smart City технологиялары, экологиялық жаңғырту, және «Таза Қазақстан» бастамасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді, дейді. Ал ғалымдар Халықтық Конституцияның тарихи сабақтастығына ерекше назар аударып отыр.

Асқар Жұмаділдаев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор:

Қазақстан мемлекетінің негізінде өте сындарлы хандар болғанын білеміз. Мысалы, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке Ханның жеті жарғысы. Бұл да Конституцияның алғашқы нышандары. Қазақтың өмір сүру механизмін дәл сол кезде айтылған.

Басқосуда қатысушылар халықтық Конституция елдің тұрақты дамуына, қоғамдық келісім мен заң үстемдігін нығайтуға, сондай-ақ әділетті, ашық әрі тиімді мемлекет қалыптастыруға берік құқықтық негіз болатынын атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, Ата Заңда белгіленген қағидаттарды тиімді жүзеге асыру елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді.


Бөлісу