Басты Жаңалықтар Ел жаңалықтарына қысқа шолу

Ел жаңалықтарына қысқа шолу

Жаңа әуежайды келесі жылы сала бастайды

Астанада салынатын жаңа әуежайдың құрылысы келесі жылы басталады. Қазір елорда әкімдігі дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты. Сонымен бірге, алдағы үш жылда елдегі барлық әуежай күрделі жөндеуден өтіп, заманауи күйге келтірілмек. Оған қоса теміржол және автожол инфрақұрылымдарын да толық жаңарту жоспарланып отыр.
Мектептерде жаңа пәндер оқытылады

Алдағы жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына жаңа міндетті пәндер мен курстар енгізіледі. Бұған дейін таңдау курсы болған «Құқық негіздері» енді жаңа Ата заң қағидаттарына сай жаңартылып, барлық оқушы үшін міндетті болады. 5-7 сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері», 8-9-сыныптарға «Қазақстан географиясы» пәні қосылады. Сонымен бірге, 8-11-сыныптарда «Заң және тәртіп» пәні оқытылады. Ал  5-11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсы қосылады.

Қытайдағы қазақ дәрігері беделді марапат алды

Алғаш рет қазақ дәрігер Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары орденіне ие болды. Марапатты Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин партиясының құрылғанына 105 жыл толуына арналған салтанатты жиынында табыстады. «1 шілде» ордені тек 8 адамға бұйырды. Соның бірі – қандасымыз Ухас Сүлеймен. Ол 1975 жылдан бері 100 мыңнан астам науқасты емдеп, мыңдаған ауыр халдегі пациенттің өмірін сақтап қалуға атсалысқан. Сонымен қатар 3200-ден астам нәрестенің дүниеге келуіне көмектескен.

Уимблдон: Е.Рыбакина мен А.Бублик екінші айналымға өтті

Қазақстанның бірінші, әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирін сәтті бастады. Отандасымыз алғашқы айналымда франциялық Лоис Буассоннан басым түсті. Елена бірінші сетте басымдық танытқанымен, кейінгі партияда көп қателікке бой алдырды. Шешуші сәтте күш-жүгерін жинап, қарсыластан айласын асыра алды. Ал, ерлерден Александр Бублик аустралиялық Танаси Коккинакисті жеңді. 4 сағаттай болған матчта жерлесіміз камбэк жасап, жарыстың келесі айналымына өтті.


Бөлісу