Басты Жаңалықтар ҚР Конституциясы заңды күшіне енді

ҚР Конституциясы заңды күшіне енді

Бүгінгі күн ел шежіресінде алтын әріппен жазылады. ҚР-ның Конституциясы заңды күшіне енді. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жасады. Президент тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталағанын сөз етіп, саяси-экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің және қарқынды дамудың даңғыл жолына түскенімізді атап өтті. Саяси жүйені түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанына баса назар аударды.

«Жаңа Конституциямыздың заңды күшіне енуі – бүкіл еліміз үшін айрықша маңызды оқиға. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтеді. Мұның символдық мәні зор. Конституция күні ел ішінде ғасырлар бойы орныққан көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата заңның басты қағидаттарымен тоғыстырады, яғни азаматтарымыздың ырысты ынтымаққа, озық білімге, ел игілігі жолында адал еңбек етуге деген талпынысымен үндеседі.Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз. Бұған еш күмәнім жоқ.Біз бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде әлемдік өркениеттің шыңын бағындырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін және барлық азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын мемлекетті – Әділетті Қазақстанды құрамыз! Қастерлі Отанымызды көркейту жолындағы жоспарларымызды ойдағыдай орындаймыз. Мен бұған кәміл сенемін! Қазақстан Республикасы жасай берсін! Халқымыз мәңгі жасасын!» деді Президент.

Осылайша еліміздің күнтізбесінде жаңа мемлекеттік мереке пайда болды. Бұдан былай 15-наурыз ресми түрде Конституция күні болып бекітілді.


Бөлісу