Бразилия 1/8 финалға жолдама алды
Футболдан әлем чемпионатының плей-офф кезеңі бірден сенсациялар шеруімен басталды. Төрт дүркін әлем чемпионы Германия құрамасы Парагвайдан жеңіліп, жарыс жолынан ерте шықты. Еуропаның тағы бір алпауыты – Нидерланды командасы Марокко «арыстандарынан» айласын асыра алмады. Ал алтыншы титулын көздеген Бразилия «самурайлармен» болған драмалық кездесуде жеңісті жұлып әкетті. Теңбіл доп додасының кезекті күніне әріптесім Асылбек Данияр шолу жасайды.
Бразилия-Жапония матчы. Нағыз драмаға толы, тактикалық шайқас болды. Жанкүйер бірінші голды фавориттерден күткен хақ. Алайда, самурайлар ептілік танытты. Ойынның 29-минутында алаң ортасынан допты тартып алған Кайсю Сано жеке дара шабуылға шығып, жойқын соққымен қақпаны дәл көздеді. Бірінші таймдағы бразилиялықтардың толассыз шабуылына жапон қақпашысы төтеп бере білді. Дегенмен, екінші кезеңде Каземиро баспен гол соғып, таразы басын теңестірді. Матч тағдырын төреші қосқан қосымша уақыттың соңғы секундында Габриел Мартинелли шешті. Есеп 2:1, Бразилия 1/8 финалда.
Парагвайдың жеңісі: Елде жалпыұлттық демалыс жарияланды
Алыптарды құлатқан Парагвай. Төрт дүркін әлем чемпиондары – Германия құрамасы плей-офф кезеңінде жарысты аяқтады. Матчтың 42-минутында Хулио Энсисо Парагвайды алға шығарғанымен, екінші таймда неміс футболшылары жауап қатты. Негізгі уақыт 1:1 есебімен тең аяқталды. Овертаймда Джонатан Та соққан голды төреші VAR жүйесі арқылы ереже бұзылды деп есепке алмады. Жеңімпаз пенальти сериясында анықталып, 4:3 есебімен Парагвай басым түсті. Осы тарихи жетістіктің құрметіне Парагвай Президенті елде жалпыұлттық демалыс жариялады.
Марокко сенсация жасады
Марокко құрамасы Нидерланды ұжымын жарыс жолынан шығарып, тағы бір сенсацияның авторы атанды. Кездесудің бірінші таймында қос команда да қорғанысқа басымдық беріп, өте сақ қимылдады. Екінші кезеңнің 72-минутында нидерландылық Коди Гакпо есеп ашқанымен, марокколықтар мінез көрсетті. Ойынның 91-минутында Исса Диоп таразы басын теңестіріп кетті. Овертаймда есеп өзгермеді. Пенальти сериясында Марокко берілген мүмкіндікті мүлтіксіз пайдаланды. Жеңіс сыйлаған шешуші соққан Исмаэль Саайбари матч аяқтала сала трибунаға көтеріліп, өзін қолдауға келген анасына құрмет көрсетті. Кәсіби спорттағы мұндай шынайы сәттер көрермен жүрегін елжіретті.
Енді жарыс кестесіне тоқталсақ. 22:00–де Кот-д’Ивуар Норвегияға қарсы матч өткізеді. Түнгі 02:00-де Франция Швециямен шеберлік байқасады. Ал таңғы 06:00-де Мексика Эквадормен кездеседі. Матчтарды Ұлттық арна мен «Қазспорт» тікелей эфирде көрсетеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы