Басты Жаңалықтар Dalida Cinema кинотеатры ашылды

Dalida Cinema кинотеатры ашылды

Ақтөбеде тағы бір кинотеатр ашылды. Бұл кинотеатр орналасқан кешен тек фильм көруге емес, отбасылық демалысты тиімді өткізуге де өте ыңғайлы. «Dalida Plaza» сауда, ойын-сауық орталығы «Алтын орда» шағын ауданынан бой көтерген.

Жалпы ауданы 36 мың шаршы метрден асатын кешенде балаларға арналған көңіл көтеру орындары, дәмханалар және сауда қатарлары жұмыс істейді. Ал кинотеатр 800 орындық. Заманауи техникалармен, жайлы орындықтармен жабдықталған 7 зал бар.

Айнұр Баймағамбетова, «Dalida Plaza» сауда, ойын-сауық орталығының басқарушы директоры:

Қалада халық саны өсіп келе жатыр. Бұл орталық тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан ауданнан салынып отыр. Өйткені, мұндағы халыққа отбасымен бірге уақыт өткізетін орын керек екенін түсіндік. Соның бірі кинотеатр. Мұнда барлығы жаңа. Арнайы комиссия қарап, оң бағасын берді.

Кинотеатрдың ашылу салтанатына осында көрсетілетін алғашқы фильмнің актерлары арнайы келіп, көрермендермен кездесу ұйымдастырды. Шараға қала тұрғындары көп жиналды. Олар концерттік бағдарламаны тамашалап, қызықты ойындарға қатысты. Актерлердің айтуынша, ақтөбеліктер отандық фильмдерді жақсы көреді. Жаңа туынды да олардың көңілінен шығады деген сенімде.

Дариға Бадықова, актриса:

Комедияға жақын жақсы фильм болып шыққан екен. Мен өзім бұл киноны көрмерменмен бірінші көремін. Бірақ көрермендердің бізді белгілеуіне қарағанда, бұл киноға жақсы барып жатқан сияқты. Сол себептен құтты болсын деймін, кинолар көп болсын!

Кинотеатр отандық және әлемдік кинотуындыларды бірінші әрі сапалы түрде ұсынуға дайын. Орталықтың ашылу салтанатына елге белгілі әншілер де келіп, өнер көрсетті.


Бөлісу