Ақсай теміржол вокзалы жөнделіп, ел игілігіне берілді
Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласында теміржол вокзалы уақтылы жөнделіп бітті. «Қазақстан» станциясындағы маңызды бекет салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде барлығы 124 вокзал қайта қалпына келтіріліп жатыр.
Ақсай қаласындағы алысты жақындатқан бекеттің 90 жылдық тарихы бар. «Қазақстан» вокзалы Тәуелсіздік алған жылдардан бері бірде-бір рет күрделі жөнделмеген еді. Енді, мінекей жаңарған ғимарат сәулеті көз сүйсінтеді. Қуанышқа тұрғындар да жиналып, ризалығын білдірді.
Нұрай Сейітжанова, Ақсай қаласының тұрғыны:
Бүгін біз үшін өте қуанышты және тарихи күн. Жаңа теміржол вокзалы заманауи жөнделген. Мұнда жолаушылардың жайлылығы, мен қауіпсіздігі үшін бәрі жасалған. Барша құрылысшылар мен мамандарға көп-көп рахмет!
Вокзал ғимаратымен қоса, екі перрон мен көпір жөнделіп, қалпына келтірілген. Инженерлік желілер де жаңартылған. Күту залы, санитариялық-гигиеналық бөлмелерде мүгедектігі бар адамдар үшін де қолайлы жағдай жасалған.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
Осы уақытқа дейін бұл нысанда тек ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жүргізіліп келсе, былтырдан бері ғимараттың іші-сырты толық жаңартылып, сәулеттік келбеті заман талабына сай жасалды. Бұл саладағы игі бастамалар мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта өңіріміздің дамуына жаңа серпін беретін, болашағы зор «Индербор – Орал» теміржол желісінің құрылысы да перспективалы жобалар тізіміне енгізіліп отыр.
Аймақта күні кеше Тасқала ауданындағы қайта салынған теміржол бекеті тапсырылды. Бүгін Ақсай, ал ертең Шыңғырлау ауданындағы вокзал ғимараты халық игілігіне берілмек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы