Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы Германия федералдық экономика министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Германия федералдық экономика министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Германия Федералдық экономика және энергетика министрі Катерина Райхені қабылдады. Кездесу барысында Президент Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасымен стратегиялық серіктестікті дамытуға айрықша мән беретінін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан тарапы германиялық бизнестің біздің нарыққа көбірек келуі үшін қажетті жағдай жасауға дайын екенін  айтты. Қасым Жомарт Тоқаев елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси өзгерістер туралы да әңгімеледі. Катерина Райхе екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылау мүмкіндігі үшін Президентке алғыс айтып, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы елеулі табыстарына тоқталды. Сондай-ақ министр Қазақстан Германияның аймақтағы ірі сауда-экономикалық серіктесі саналатынын, екіжақты ықпалдастықты кеңейтудің әлеуеті мол екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге және Федералдық канцлер Фридрих Мерцке ыстық ықыласын жолдады.


Бөлісу