Қос палаталы Парламент жұмысын тоқтатты
Сенат пен Мәжіліс тарайды. 30 жыл жұмыс істеген заң шығарушы органның қызметін Президент жоғары бағалады. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұтас бір дәуірге есеп беретін институт миссиясын сәтті орындады ма? Алда жасақталатын Құрылтайдың қазіргі жүйеден айырмашылығы неде? Нұрсұлтан Тілектес рет-ретімен тарқатсын.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Бүгін Үкімет үйінде қарбалас. Өйткені Парламенттің VIII сессиясының қорытынды отырысы өтіп жатыр. Жалпы, Сенат пен Мәжіліс өзіне жүктелген миссияны абыроймен атқара алды ма? Қандай маңызды заң жобалар қабылданды? Депутаттардан сұрап көрейік.
Президент қос палатаның жұмысын жоғары бағалады. Өйткені Парламенттің соңғы 30 жылда ел дамуында маңызды рөл атқарғаны хақ. Ресми статистикаға сүйенсек, 3,5 мыңға жуық заң қабылданған. Оның ішінде 38 кодекс, 1400-ден астам халықаралық ратификация бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын елімізде тұңғыш кәсіби Парламент құрылды. Мүлде жаңа институционалдық үлгіге көшкен заң шығарушы орган мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қосты, сондай-ақ еліміздің құқықтық негізін қалыптастыру және нарықтық экономиканы орнықтыру ісінде маңызды рөл атқарды. Қысқаша айтсақ, отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық аса қажетті заң қабылданды. Ал әрбір оныншы заңға депутаттар өздері бастамашы болды.
Соңғы 3 жылдың өзінде 300-ден астам маңызды заң жобасы қабылданды. Олардың қатарында елдің алдағы дамуына негіз болатын, тарихи маңызы зор конституциялық заңдар мен кодекстер бар.
Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біраз заң жаңартылды, оның үстіне конституциялық реформа болды, 4 кодексті жаңарттық. Мынау лудоманиямен күрес, кредитке қатысты, азаматтардың банкротқа ұшырауы – қоғамдық проблемаларды заңнамалық тұрғыда барынша реттеуге тырыстық.
5 жылға жоспармен келіп, 3 жылда біраз шаруа тындырған VIII шақырылым депутаттарының еңбегі еленді. Президент халық қалаулыларына алғыс айтты. Тіпті дәл осы құрамды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамдардың біріне балады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіздер өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықтыңыздар. Әділетті әрі қуатты Қазақстанды құру үшін қажырлы еңбек еттіңіздер. Сіздердің табанды, мардымды еңбектеріңіз еліміздің жылнамасында қалатынына күмән болмауы керек. Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды, зымырап өтіп жатыр. Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде шын мәнінде жаңашыл әрі батыл қадамдар жасалуы тиіс.
Иә, қоғам дамыған сайын, сол қоғамды басқаратын институттар да жаңарады. Қазақстан дәл осындай кезеңге аяқ басты. Алда бір палаталы Парламент – Құрылтай құрылады. Бір сөзбен айтқанда, қазіргідей Мәжіліс мақұлдап, Сенат сүзгіден өткізетін көпсатылы жүйе келмеске кетеді. Заң шығару үдерісі жылдамдайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ертең Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енеді. Ұлт заңымен қатар, мемлекеттік билік жүйесі де түбегейлі жаңа сипатқа ие болмақ. Қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай келеді. Жалпы, бұл өзгеріс Қазақстанда тарихи сабақтастық бар екенін анық көрсетеді.
Құрылтайдың алдында заң шығару ісінің жеделдігі мен сапасын арттыру ғана емес, сондай-ақ бюрократиялық рәсім түріндегі кедергілерді жою, Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіру сынды маңызды міндеттер тұр. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Жалпы ішкі өнім ел тарихында алғаш рет 300 миллиард доллардан асты. Оның жан басына шаққандағы үлесі 15 мың доллардан асып, ТМД аумағында ең жоғары нәтижеге қол жеткіздік. Ендеше, арқаны кеңге салмай, осы көрсеткіштерді еселей түсу қажет.
Қазақстанды Еуразияның іскерлік хабына айналдыру, электрондық Парламентті дамыту, мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту... Алда атқарар шаруа көп. Сондықтан Құрылтайға маңызды міндеттер жүктелетіні сөзсіз. Ендігі сұрақ: бүгін мандатын тапсыратын депутаттар енді қайда барады? Тағы да сайлауға түсе ме, әлде басқа саланың басын ұстай ма?
Құрылтайда комитет саны сегізден аспайды. 145 мандат болады, депутаттар пропорционалды жүйемен 5 жылға сайланады. Ең бастысы, заң шығарушы органның құрамына кәсіби мамандар, былайша айтқанда, үздіктер ғана енеді. Жаңа институт 1 қыркүйектен жұмысын бастайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы