Басты Жаңалықтар Қаныш Имантайұлы Сәтбаев

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – геолог ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик. Ол 1899 жылы 12 сәуірде Павлодар облысы Баянауыл ауданында (бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысы) Имантай бидің отбасында дүниеге келді. Туғанда оған Ғабдул-Ғани есімі берілді. Кейін анасы еркелетіп Ғани, Ғаныш десе, туған-туыстары Қаныш атап кекен. Осы есім өмір бойы қолданылып, ресми құжаттарда да Қаныш Сәтбаев болып бекіді.

Сауатын ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым Павлодардағы орыс-қазақ мектебінде, Семей мұғалімдер семинариясында, Томск технология институтының тау-кен факультетінде білім алған. Мұғалімдер семинариясында Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов сынды көрнекті қайраткерлермен бірге оқыған. Шәкәрім Құдайбердіұлымен тығыз байланыста болып, оның шығармашылығын жоғары бағалаған. «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің іс-әрекетіне қолдау білдірген.

  1. Қазақ ғылымының алыбы

Қаныш Сәтбаев – Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, қазақтан шыққан тұңғыш академик, Қазақстандағы металлогения мектебінің негізін қалаушы.

Ғалымның бүкіл өмірі Қазақстанның минералдық ресурстары мен кен орындарын зерттеуге арналды. Оның жетекшілігімен Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жасалып, қара, түсті және сирек металдардың көптеген жаңа кен орындары ашылды. Жезқазған мыс кенінің әлемдік маңызын дәлелдеп, Қарағанды металлургиясы, Қаратау фосфориті, Ертіс-Қарағанды каналы сияқты ірі жобалардың жүзеге асуына зор үлес қосты. Ғалымның бастамасымен Жезді марганец кені игеріліп, Қарағанды металлургиясы, Жезқазған кен-металлургия комбинаты, Ертіс-Қарағанды каналы сияқты ірі жобалар жүзеге асты.

Сәтбаев Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырып, ғылыми-зерттеу институттарының құрылуына, геология саласының дамуына және жас ғалымдарды даярлауға зор үлес қосты. Сонымен қатар, ол елдің табиғи байлықтарын зерттеуге және игеруге жетекшілік етіп, ғылымды халық игілігіне бағыттады.

Қаныш Сәтбаев ғылымды ұйымдастырушы әрі ағартушы ретінде көптеген ғылыми-зерттеу институттарының ашылуына бастамашы болып, жас ғалымдарды тәрбиеледі. Сонымен қатар, тарих, археология, этнография және әдебиет салаларына да еңбек сіңірді. Ол «Едіге» жырын қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайта өңдеп шығарды. Қазақ орта мектебінің төменгі және жоғары сынып оқушыларына арналған «Алгебра» оқулығын дайындады.

Қаныш және қазақтың музыкалық мұрасы

Қаныш Сәтбаев тек көрнекті ғалым ғана емес, өнер мен мәдениетті жоғары бағалаған тұлға болды. 1920-жылдардың соңында ол музыка зерттеушісі Александр Затаевичке 25 халық әнін орындап беріп, олардың 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың 500 ән-күйі» жинағына енуіне ықпал етті. Сол әндердің ішінде Ақан серінің «Мақпалы», Жаяу Мұсаның «Башқұлбайы», Естайдың «Хорланы», фольклорлық мұрадан «Қисса ән сарыны», «Арғы жағы-ай Ертістің» тарихи әні, «Ажар сарыны», «Жарылғап сарыны», «Әлди, бөпем» және тағы басқа әндер бар. Медеу Сәрсекеев өзінің Қаныш жайындағы іргелі зерттеу кітабында академиктің ән қорында «Қанапия», «Ырғақты», «Бүркітбай» сықылды ән болғанын жазады.

Затаевич Қаныш Сәтбаевты Баянауыл әндерінің білгірі әрі талантты орындаушы ретінде жоғары бағалаған.

Сәтбаев қазақтың ән мұрасын зерттеп, оның көркемдік ерекшеліктері туралы мақалалар жазды. Ол халық әндерінің түпнұсқалық қалпын сақтауды қолдап, кәсіби музыканың дамуына қатысты құнды пікірлер айтты. Домбыра, мандолин, скрипка және гитарада ойнай білген Қаныш Сәтбаевтың музыкаға деген қызығушылығы оның жан-жақты тұлға болғанын көрсетеді.

Материал Орталық ғылыми кітапхана деректері мен Қ.Сәтбаев мемориалдық музейі ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Базарбай Алтаевтың «Ана тілі» газетіне шыққан мақаласы негізінде жазылды.

Бөлісу