Бельгияда қазақ мәдениетін терең танығысы келетін шетелдіктер көп
Бельгияда қазақ тілін үйреніп, мәдениетімен терең танысқысы келетін азаматтар саны күннен-күнге артып келеді. Корольдіктің Брюссель және Гент қалаларында соңғы бір жылда екі қазақ мәдени орталығы ашылды. «Qazaq roots» яғни, «тамыры қазақ» деп аталатын Генттегі мәдени ошақта балалар мен ересектер қазақ тілін, қолөнерін үйреніп, ұлттық құндылықтарды санасына сіңіріп жүр.
Бельгия астанасы Брюссельден алпыс шақырым жерде орналасқан Гент қаласында «Qazaq roots» «Тамыры қазақ» деп аталатын мәдени орталықтың ашылғанына бар-жоғы екі ай. Қысқа мерзім ішінде шетелдіктер қазақша тіл сындырып, ән шырқап, мың бұрала билеуге машықтанған.
Күнсұлу Бекіш, «Qazaq roots» Қазақ мәдени орталығы жетекшісінің орынбасары:
Қазақ мәдениетіне деген қызығушылығы, сүйіспеншілігі бар адамдар бізге сабақтарға келеді. Қазақ тілі сабақтары, қазақ ұлттық билері, әндері, қазақ мәдениеті жайлы презентация, қазақ фольклорына негізделген, қуыршақ театры өткізілді балаларға.
Бельгияда Қазақстаннан асырап алған 400-ден астам бала бар. Қаракөзі мөлдіреп, тұлымшағы желбіреген балғындар Генттегі қазақ мәдени орталығынан шықпайды. Бәрі тілін, шыққан тегін, тарихын білуге құштар. 24 жастағы Селена Өскемендегі балалар үйінің тәрбиеленушісі. Мәдени орталықтың арқасында еліне етене жақын болғанына разы.
Селена Винк, Гент қаласының тұрғыны:
Орталықта керемет жандарды кездестірдім. Олар маған қазақ тілін үйретуге көмектесіп жүр. Елім туралы мол мағлұмат береді. Осы жерге келгеніме қуаныштымын. Бұл мен үшін Жаратқанның сыйы. Қазақстанға үш рет сапарладым. Өскемен, Семей, Астана мен Алматыда болдым. Әдемі қалалар, халқы өте қонақжай. Биологиялық ата анамды, отбасымды таптым.
Орталықтың жұмысына Димаш Құдайбергеннің Бельгиядағы жанкүйерлері де белсене қатысып жүр. Фан-клуб өкілдері мәдени кешке жиналғандарға кумирлерінің өмірі мен шығармашылығын таныстырып, сүйікті әншілерінің әндерін құйқылжыта орындады. «Қазақ мәдениетін шетелдіктерге дәріптеп, еларалық достықты нығайтуға үлес қосып жүрген жанкүйерлерге Димаш жүрекжарды лебізін жеткізді. Алғыс хатты еліміздің Бельгиядағы елшісі Роман Василенко табыстады. Бұл сыйлық Диерстарға Димаштың өзі келгенмен пара-пар болды.
Хайди Вервимп, Димаштың Бельгиядағы жанкүйерлер клубының жетекшісі:
Димаштан арнайы Алғыс хат алғанымызға өте қуаныштымыз. Күтпеген тосын сый болды біз үшін. Димашты көпшгілікке таныстыруға, қазақ мәдениетін қолымыздан келгенше дәріптеуге дайынбыз. Қазақстанға сапарлап, Астананы көргім келеді.
Түрлі ұлт, дін өкілдері қазақ мәдени орталығының арқасында бір отбасыдай болып кеткен. Ұйымшыл топ өкілдері «Qazaq roots» ашылған екі айда үйренген ән, күйлерін орындап, шағын концерт қойды. Қазақтың мәдени мұрасын ұлықтау үшін олар алдағы уақытта бірқатар ауқымды шара ұйымдастырмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы