ӘЧ-2026: Топтық кезең аяқталды
Футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңі аяқталды. Турнирге қатысқан 48 команданың 32-сі плей-офф кезеңіне жолдама алды. Бұл кезеңде қателікке жол жоқ. Сылбыр ойнағандар жарыс жолынан шығады. Сонымен, біз бен сізді қандай матчтар күтіп тұр? Фавориттер кімдер? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтсын.
Кабо-Верде таңғалдырудан шаршамайды. Шағын ғана аралдың аяқ доп шеберлері топтан шықты. Енді олар Месси бастаған әйгілі Аргентина құрамасымен ойнайды. Бұған дейін Испания мен Уругвайға есе жіберген жігіттерге бұл жолы оңай болмайды. 1/16 финалда не ұтасың, не ұшасың. Тең тарқасу деген жоқ. Жанкүйерлер бұл матчта басымдықты аргентиналықтарға беріп отыр. Дегенмен, әліптің артын бағайық. Осы кезге дейін командасын құтқарып келген Возиньяның бұл жолы да бағы жанбасына кім кепіл?
Руслан Бақытжан, спорт журналисі, комментатор:
Аргентина құрама командасы Кабо-Верденің автобусын бұзып жара алса, одан кейінгі қарсыластарына қарсы оңай болатын секілді. Өйткені, жалпы 90 минут бойы жабылып ойнайтын, қорғаныста ойнайтын командаларға қарсы ойнау әрқашанда негізі қиын болады. Сондықтан да, егер де Кабо-Верде құрама командасы пенальти сериясына дейін жете алса, онда менің ойымша келесі кезеңге шығады деп ойлаймын.
Бразилия мен Жапония. Екі түрлі континент, түрлі құндылықтар мен мәдениет. Десе де, футболға келгенде бұл елдердің тілі мен ділі бір. Ал мақсаты – жеңіске жету. Бразилиялықтардың жылдамдығы ма, әлде жапондардың тәртібі ме? Қайсысы басым түсерін бүгін Астана уақытымен сағат 21:50-де анықтаймыз.
Плей-оффқа жолдама алған тағы бір жұп – Нидерланды мен Марокко. Ойын тартымды әрі тартысты өтері сөзсіз. Өйткені екі құрама да ашық әрі әдемі футбол ойнағанды құп көреді. Сарапшылар бұл кездесуде Марокко құрамасы жеңіске жетеді деп топшылайды.
1/16 финалда жеңіске жеткен командалар 1/8 финалға жолдама алады. Сондықтан құрамалар барын салары анық. Дегенмен, Франциямен ойнайтын Швеция құрамасында мүмкіндік жоқ дейді кейбіреулер. Өйткені Дидье Дешамның командасында мін жоқтай көрінеді. Шабуыл шебіндегі Олисе, Мбаппе мен Дембеле кез келген ұжымның қорғанысын бұзып-жаруға қауқарлы. Ал Швецияның Дьокереш, Александр Исак һәм Эланга сияқты сұрмергендері Нидерландымен өткен матчта сылбыр ойнады...
1/16 финалдағы тағы бір қызық ойындардың бірі, әрине, Португалия мен Хорватия матчы. Бұл ойын – әлемнің қос үздігі Роналду мен Модричтің соңғы тұяқ серпуі. Құрамаларды деңгейлес деуге келмес, дегенмен Португалияның жартылай қорғанысы мықты, ал Хорватияның қорғанысы жақсы.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Бұл жолғы мундиальда жаңа рекорд орнады. Құрамалар топтық кезеңнің өзінде бір-бірінің қақпасына 170-тен астам гол салған. Ал үздік сұрмергендер тізімі мынадай: Көшті қоржынындағы 6 голмен Месси бастап тұр. Ал Франция құрамасының жарық жұлдызы Килиан Мбаппе 4 голдың авторы. Винисиус, Дембеле мен Эрлинг Холланд та қарсылас қақпасына 4 голдан салған. Тамаша көрсеткіш...
Сонымен, плей-офф кезеңіне өткен командалар анықталды. Енді ойындар қыза түспек. Өйткені құрамалар тек жеңіс үшін ойнайды. Матчтар тең есеппен аяқталса, құрамаларға 30 минут қосымша уақыт беріледі. Ол да жеткіліксіз болса, футболшылар пенальтилер сериясы арқылы мықтыны анықтайды.
Бүгін Астана уақытымен сағат 21:50-де Жапония мен Бразилия кездеседі. Ал түнгі 01:20-да Германия мен Парагвай құрамалары ойнайды. Қос ойынды да Ұлттық арна мен «Qazsport» тікелей эфирден көрсетеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы