Тасқала ауданында теміржол вокзалы ашылды
Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында теміржол вокзалы қайта салынып, ел игілігіне берілді. Аймақта барлығы 4 станция бекеті жаңартылып жатыр. Әлеуметтік нысандар осы жазда рет-ретімен салтанатты түрде тапсырылады.
Бұл теміржол бекеті – 1916 жылы ашылған ең көне нысан. Еліміздің батыс қақпасында, Ресейдің Саратов облысымен шектесетін елді мекенінде орналасқан. Құлағалы тұрған бұрынғы ғимарат бұзылып, орнына жаңасы салынды. Іші-сырты сыңғырлап тұр. Айналасы абаттандырылды. Шағын станция арқылы күніге 2 пойыз өтеді.
Жайлаубай Серғали, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі директорының бірінші орынбасары:
Қазір бір мемлекетаралық және қалааралық бір пойыз жүреді. Осы станса бойынша шекаралық бақылау осы вокзал арқылы жүреді. Қазір жолаушылар саны 10 050 адамға жетеді. Соның бәрі пайдаланады осы вокзалды.
Теміржол бекетінің жаңаруы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, іскерлік байланыстардың нығаюына, туристік әлеуеттің артуына тың серпін бермек. Аймақта бұдан басқа 3 вокзал жөнделіп жатыр. Облыс орталығы – Орал қаласындағы орталық және Ақсай қаласы мен Шыңғырлау ауданындағы бекеттер де бір айдың көлемінде ел игілігіне беріледі.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
Біз осы вокзалды бұзып, жаңа вокзалды, жаңа станцияны көтердік. Осы құрылысқа 320 млн теңге қаражат жұмсалды. Бұл – республикадан бөлінген қаражат. Бүгінде мердігер компания толықтай барлық құрылысын аяқтады. Абаттандыру жұмысын көріп тұрсыздар.
Былтыр өңірде 419 мың жолаушы пойызбен қатынаған. Теміржол арқылы 5 млн тонна жүк тасымалданған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміз бойынша 124 вокзал қайта қалпына келтіріліп жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы