Қытай кәсіпкерлері Абай облысына қомақты инвестиция құяды
Абай облысы мен Қытай компаниялары арасында жалпы құны 4 миллиард АҚШ долларын құрайтын меморандумға қол қойылды. Облыс әкімі Берік Уәли бастаған өңір делегациясы Қытай Халық Республикасына барып бірқатар іскерлік кездесулер өткізіп, маңызды келісімдерге қол жеткізді. Енді Абай облысында жақын арада түрлі саладағы инвест жобалар іске аспақ.
Аймақ басшысы Бейжің қаласында «DDS Group» және Jiachen Group компанияларының басшылығымен кездесті. «DDS Group» – өнеркәсіптік жаңғырту, инфрақұрылымдық құрылыс және индустриялық парктерді дамыту саласында әлемнің 30-дан астам елінде танымал. Кездесу қорытындысында жалпы құны 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын меморандумға қол қойылды. Компания Мақаншы ауданының Бақты ауылында аумағы 3000 гектар болатын өнеркәсіптік парк құрылысын бастамақ.
Ал Қытайдың металлургия, тау-кен өндірісі, логистика және халықаралық сауда салаларында жұмыс істейтін жетекші өнеркәсіптік холдингтерінің бірі – Jiachen Group компаниясымен Мақаншы ауданында алюминий зауытын салу жөнінде меморандум жасалды.
Сун Шоукуан, Jiachen Group компаниясының жетекшісі:
Бұған дейін келіссөз кезеңінен өттік. Енді сөзден іске көшетін уақыт жетті деп ойлаймын. Біз жұмысты биыл бастауға дайынбыз. Жоба жүзеге асқанда кемінде 2 мың адамға дейін жұмыс беруге болады.
Сапар барысында Қытайдағы Ордос қаласында «Ішкі Моңғолия Ваньцзян Инвест» компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Олар Абай облысында жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын бірнеше ауқымды жобаны іске асырмақ.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
Өндіріс орындарын аралап көрдік. Өте дамыған, ірі компания екен. Олар да Абай облысына жылына 300 мың тонна алюминий өнімін шығаратын зауыт салуды көздеп отыр. 1 ГВт болатын электр станцияларын салуды көздеп отыр. Бұл біздің облысымыздың дамуына ерекше тартылған инвестиция деп айта аламын.
Айбек Рақымбеков, кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы:
Жалпы осы сапар нәтижесінде Берік Уәлиұлының бастамасымен біз Абай облысына 4 миллиард доллар келісімдерді алып келдік. Енді біз тарапымыздан осы келісімдерді іске асыру. Осы жобаларды бастап, зауыттарды құрып, жұмыс орындарын құру.
Енді қытайлық инвесторлармен байланыс орнату тіптен жеңілдей түспек. Өйткені Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының әкімшілік орталығы - Үрімші қаласында «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының инвестициялық-сервистік кеңсесі ашылды. Кеңседе инвесторлардың өтініштері қабылданып, бастапқы талдау жүргізіледі. Іскерлік кездесулер ұйымдастырып, ұсыныстар қарастырылмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы