Басты Жаңалықтар Жаңадан ашылатын жеке мектептерге мораторий енгізілді

Жаңадан ашылатын жеке мектептерге мораторий енгізілді

Елімізде жаңадан ашылатын жеке мектептерге мемлекеттік тапсырыс беруге жыл соңына дейін мораторий жарияланды. Бұл білім беру саласындағы заңсыздықтар мен қаржыны мақсатсыз жұмсау фактілерінен кейін қолға алынып отыр. Бүгінде заңды өрескел бұзған жекеменшік 80 мектептің ісі сотта қаралып жатыр. 

Бүгінде елімізде 8 мыңнан астам мектеп бар, онда 4 миллионға жуық оқушы білім алады. Оның 7 мыңнан астамы мемлекеттік, 856-сы жеке мектеп. Соңғы 5 жылда жекеменшік мектептер саны 2 есе өсті. Онда 325 мың бала оқып, 32 мың педагог еңбек етеді. Бұл мектептердің 90%-ға жуығы мемлекеттік тапсырыс алып, үш ауысымды мектептер мен орын тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізді. Алайда сан қуған жеке сектордың сапасы мен заңдылығы үлкен сұрақ тудырып отыр. Тексеріс қорытындысы бойынша 13 миллиард теңгеден астам бюджет қаржысы мақсатсыз жұмсалған. 24 жеке мектеп жобалау-сметалық құжаттарды қолдан жасаған болса, 15 жеке мектеп сыйымдылықты арттырмай, жалған ребрендинг жүргізген. 31 жеке мектеп күрделі қайта жаңғыртудың орнына, жеңіл-желпі жөндеумен шектелген. Ал 5 жеке мектеп пайдалану мерзімі 30 жылдан асқан ескі ғимараттарды қаржыландыруды сұраған.

Дәурен Темірбеков, ҚР Қаржы вице-министрі:

Алматы облысында мектептердің бірінде 90 оқушы артық жазылған, ал Астана қаласының мектептерінің бірінде 75 оқушы артық көрсетілген. Балалардың жылына 12 ретке дейінгі ретсіз ауысуы фактілері анықталған. Жамбыл облысындағы мектептердің бірі 1962 жылы санылған ғимаратта орналасқан, бұл рұқсат етілген шектен екі есе асады.

Қазіргі таңда заңсыз бөлінген мемлекет қаржысын кері қайтару бойынша 80-нен астам мектептің үстінен сот талқылаулары жүріп жатыр. Сонымен қатар, елімізде 145 мектеп бала оқытуға мүлдем арналмаған ғимараттарда жұмыс істеп тұр. Енді жаңа жылдан бастап оларға мемлекеттік қаржыландыру толық тоқтатылады. Жыл басынан бері осындай заңсыздықтардың нәтижесінде 22 мектеп лицензиясынан айырылып үлгерді.

Жомарт Қарамбаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі комитет төрағасының орынбасары:

Жеке меншік мектептерді ашу кезінде лицензия алу, оның санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келетін, қажетті жабдықпен жабдықталған тиісті ғимараттың болуы маңызды. Тиісті, мақсатына сай емес ғимаратта орналасқан мектептер мемлекеттік тапсырысқа үміркер бола алмайды.

Бүгінде өңірлерде жеке мектеп ашу құзыреті тікелей облыс әкімдеріне беріліп отыр. Олар тек жол картасы шеңберінде, нақты қажеттілік бар жерлерде ғана рұқсат беруі тиіс. Ал оқушы орнының тапшылығы жоқ өңірлерге бюджеттен мүлдем қаржы бөлінбейді. Айта кетейік, 2028 жылға дейін жекеменшік мектептердегі мемлекеттік білім беру тапсырысына 760 млрд теңге бөлінбек.

Бөлісу