Сенат 30 жылда 3,5 мыңнан астам заң қабылдаған
Бүгін Парламент Сенаты жұмысын қорытындылады. Ертең палаталардың бірлескен соңғы отырысы өтіп, Сенат пен Мәжіліс тарайды. 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияға сәйкес Парламенттің өкілеттігі тоқтатылады. Тамыз айында өтетін сайлаудан кейін елде бір палаталы Құрылтай өз жұмысын бастайды. Бұл өзгеріс саяси реформалардың жаңа кезеңін бастап, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды тарихи қадам болмақ.
2026 жылдың 29 маусымы. Бұл күн Қазақстанның саяси тарихында ерекше дата ретінде қалмақ. Осыдан тура 30 жыл бұрын құрылған Сенат бүгін өзінің соңғы жалпы отырысын өткізді. 1996 жылдың 30 қаңтарында өткен алғашқы отырыстан бері Сенат Тәуелсіз Қазақстанның заң шығару жүйесінің ең негізгі институттарының бірі болды. Осы жылдар ішінде елдің саяси бағытын, экономикалық реформаларын және әлеуметтік дамуын айқындаған маңызды заңдар қабылданды.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Өте үлкен іргелі реформалар, өзгерістер, заңдардың барлығы да Сенаттың қатысуымен өткендігін атап айту керек. Оның ішінде әлеуметтік салаға ерекше назар аударылғанын айтқым келеді. 795 депутаттық сауал жолданған екен. 3,5 мыңнан аса заң қабылданса, 30 жылдың ішінде соның басым бөлігі елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Біз өзіміз Жетісу облысынан болғаннан кейін Жетісу облысының мәселелерін көтердік. Туризмді дамыту үшін Балқаш, Алакөл көліне қаржы бөлдірдік. Ақши ауылына электр энергия станциясын салу үшін жеке жұмыс жасадық. Оның сыртында өзге облыстарда болмаған біздің бүкіл ауылдарда газдандыру мәселесін шештік.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Парламент Сенатының негізгі мақсаты өңірлермен жұмыс істеу. Депутаттар өңірлерден сайланған. Депутаттар осы тұрғындан алған кезде өңірлердің басты мақсаттарын, қойып отырған талаптарын заңдарға енгізуде Сенат үлкен рөлді атқарды.
Сенаттың 30 жылдық тарихында 900-ге жуық жалпы отырысы өткен. Сол отырыстарда үш жарым мыңнан астам заң қабылданған.Олардың ішінде 350-ден астамына яғни, әрбір оныншы заң Парламент депутаттарының бастамасымен қолға алынған. Сенат тарихында 246 азамат депутаттық мандатқа ие болды. Яғни, 246 адам сенатор болды. Әр сенатор ел заңнамасын қалыптастыруға үлес қосты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Сенаторлар Мемлекетіміздің мемлекетшілдік қағидатына, заң үстемдігіне, халық алдындағы жауапкершілікке әрдайым адал болып қала береді. Өйткені ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басып жатқан қазіргідей жауапты сәтте Әділетті Қазақстан құру және жаңа Конституцияны іске асыру жолында барлық сындарлы күштің Президентіміздің айналасына топтасуы аса маңызды. Осы жолда қоғамымыз бекем бірлік пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетеді деп сенеміз.
Сенаттың соңғы отырысынан кейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев журналистердің алдына шығып, сұрақтарына жауап берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған жаңа Конституция бүкіл саяси жүйені жаңғыртып, еліміздің қарқынды дамуының негізі болатынына сенім білдірді.
Самал Қабышева, тілші:
Жаңа ғана Мәулен Әшімбаев соңғы брифингін өткізді. Міне өздеріңіз куәсіздер, қазір Мәулен Әшімбаевпен журналистер қауымы соңғы естелік суретке жеке-жеке түсіп жатыр. Осымен Сенаттың соңғы жалпы отырысы аяқталды. Ертең палаталардың бірлескен отырысы өтеді. Одан кейін Парламент тарайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы