Қазақстан мен Грузия стратегиялық серіктес атанды
Қазақстан мен Грузия стратегиялық серіктес атанды. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Көлік-логистика, цифрландыру, сауда салаларында да ілкімді келісімдер бар. Әріптесім Оңғар Алпысбайұлы ретімен жеткізеді.
Елордадағы тәуелсіздік сарайында тынымсыз дайындық. Санаулы сәттен кейін тура осы жерде қос ел үшін аса маңызды келіссөздер басталады. Таспагерлер әр сәтті таңбалау үшін тастүйін дайын. Ал министрлер келісімнің детальдарын тағы бір пысықтап алды.
Одан соң шағын құрамда келіссөз басталды. Екі елдің бір-біріне ұсынары мол. Бірақ бұл әлеует толық пайдаланылмай отыр. Сондықтан ынтымақтастыққа тың серпін беру үшін бар күшімізді жұмылдыруымыз қажет, – деді тараптар. Ал кеңейтілген құрамдағы келіссөздер кезінде Президент Оңтүстік Кавказдағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктесі Грузиямен арадағы достық қатынастарды бағалайтынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сауда-инвестициялық ықпалдастық екі ел байланысының өзегі саналады. Жаһандағы тұрақсыздыққа қарамастан тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік мол. Қазақстан Грузия экономикасына жарты миллиард доллардан астам инвестиция салды. Әрі аталған елдің ірі инвесторларының қатарына кіреді. Мемлекеттеріміз энергетика секторында табысты ынтымақтастықты жолға қойды. Біз Баку – Тбилиси – Джейхан құбырымен мұнай тасымалы көлемін ұлғайтуға ниеттіміз. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия аясында белсенді жұмыс атқарылып жатыр.
Ираклий Кобахидзе де Қазақстанмен серіктестікті жоғары бағалап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығымен еліміз дамудың даңғыл жолына түскеніне тоқталды.
Ираклий Кобахидзе, Грузия премьер-министрі:
Қазақстан – Орталық Азия аймағындағы сенімді серіктесіміз. Орайлы сәтте Сізді жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын. Бұл Сіздің тегеурінді басшылығыңызды және Қазақстанның орнықты дамуын көрсетеді. Екіжақты серіктестікті жаңа стратегиялық деңгейге көтеру үкіметтеріміз бен халықтарымыздың арасындағы ынтымақтастыққа жол ашады. Сізге Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдағаныңыз үшін алғыс айтамын.
Қол жеткізілген уағдаластықтарға ретімен тоқталайық. Мемлекет басшысы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту үшін энергетика, инвестиция, көлік қатынасы, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм және басқа да перспективті салаларға бағытталған «жол картасын» әзірлеуді ұсынды. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының негізгі қатысушылары ретінде екі ел көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, тариф саясатын үйлестіру және цифрландыруды үдету бағытында дәйекті шаралар қабылдауға ниетті.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Қазақстан – Азия мен Еуропаны байланыстыратын негізгі транзиттік буындардың бірі болса, Грузия – осы бағыттағы маңызды көлік қақпаларының бірі. Жүк Қытайдан Қазақстан арқылы Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарына жетеді. Одан әрі Баку порты арқылы бағыт екіге бөлінеді: бір бөлігі Грузияның Батуми және Поти порттары арқылы Қара теңізге шығады, екінші бағыты Түркия арқылы Еуропа нарығына жалғасады.
Соңғы бес жылда Орта дәліз арқылы тасымал көлемі 3,5 есе өскен. 2029 жылға қарай аталған бағдар бойынша қатынайтын контейнерлік пойыздар саны 3 мыңға жетеді деп күтілуде. Ал цифрлық үкімет, онлайн мемлекеттік қызметтер және GovTech шешімдер бағытында тәжірибе алмаспақ. Бұдан бөлек, әңгімелесу барысында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы серіктестікті нығайту мәселесіне айрықша назар аударылды. Президент Грузияның қазақстандық туристер үшін танымал бағыттардың бірі саналатынын атап өтіп, еліміз де грузиялық меймандарды құшақ жая қарсы алуға дайын екенін айтты. Ресми шаралар барысында Мемлекет басшысы Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзеге І дәрежелі «Достық» орденін табыстады.
Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи тамырластық, ортақ мәдени құндылық, сан ғасырлық достық пен өзара түсіністік байланыстыратын Қазақстан мен Грузия арасындағы қарым-қатынастың қазіргі деңгейін жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақ халқы Грузияның бай тарихы мен бірегей мәдениетіне зор құрметпен қарайды. Грузин қауымдастығы біздің көпұлтты қоғамымыздың ажырамас бөлігі саналады әрі екі ел арасындағы байланысқа дәнекер болып жүр. Соңғы жылдары екіжақты қарым-қатынасымыз тың серпін алды: саяси диалог жанданып, өзара сауда көлемі тұрақты өсіп келеді. Сонымен қатар түрлі саладағы экономикалық ынтымақтастық кеңейе түсуде. Қазақстан мен Грузия әлемдік аренада тиімді ықпалдастық орнатып, негізгі халықаралық мәселелер бойынша бір-біріне дәйекті түрде қолдау білдіруде.
Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе Стратегиялық серіктестік орнату жөніндегі бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ делегация мүшелері Мәдениет және ақпарат, Жасанды интеллект және цифрлық даму, Туризм салаларында өзара түсіністік туралы ведомствоаралық құжаттармен алмасты.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Ұлы дала мен Кавказды жалғаған достықтың бүгін тағы бір берік көпірі қаланды. Стратегиялық серіктестік туралы келісім мен өзге де құжаттар екі елдің байланысын жаңа белеске шығармақ. Себебі мемлекеттерді жақындастыратын ортақ мүдде мен өзара сенім.
Автор
Оңғар Алпысбайұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
ӘЧ-2026: Топтық кезең аяқталды
29.06.2026, 20:19
Бибісара Асаубаева II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды
29.06.2026, 20:16
Aqtobe Cinema кинотеатры ашылды
29.06.2026, 20:12
Президент атынан жаңа Конституцияның арнайы басылымы табысталды
29.06.2026, 20:09
Пәкістаннның шабуылынан 38 адам қаза тапты
29.06.2026, 20:07
Сенат 30 жылда 3,5 мыңнан астам заң қабылдаған
29.06.2026, 20:05
Баспана кезегінде кімдерге басымдық беріледі?
29.06.2026, 20:03
Тасқала ауданында теміржол вокзалы ашылды
29.06.2026, 20:03