Басты Жаңалықтар Астанада жас зерттеушілерге арналған жаңа жоба басталды

Астанада жас зерттеушілерге арналған жаңа жоба басталды

Астанада жас зерттеушілерге арналған «Jastar Research Hub» жобасы басталды. Бұл – білімді жастарды оқытып, мемлекетке қажетті сарапшыларды дайындауға бағытталған арнайы бағдарлама.

Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Оған қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен 250-ге жуық үміткер өтініш білдірген. Солардың ішінен ең үздік 20 финалист іріктеліп алынды.

Қатысушылардың орташа жасы – 25-30 жас аралығы. Енді олар бес күн бойы Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білімін жетілдіреді.

Зерттеу институттарының басшылары мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері дәріс оқып, қоғамдық талдау жасау, зерттеу жүргізу және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын үйретеді.

Оқу 3 шілдеге дейін жалғасады. Осы аралықта өзін жақсы көрсеткен үздік зерттеушілер «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының арнайы сарапшылар пулына еніп, мемлекеттік маңызды жобаларға тартылады.

Гүлсіхан Нахбаева, ҚР МАМ Жастар ғылыми-зерттеу орталығының директоры:

Бұл жоба жас сарапшылардың жалпы әлеуетін дамытуға, зерттеушілік қабілеттерін нығайтуға және мемлекеттік саясатты халық арасында дұрыс ілгерілетуге бағытталған. Қазір жастарға арналған түрлі алаңдар бар. Біз зерттеу жүргізу кезінде мемлекетке қажет жас сарапшылар пулын қалыптастыру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз.


Бөлісу