Ел жаңалықтарына шолу
Қазақстан балалар құқығын қорғаудан үздік 25 елдің қатарына енді
Қазақстан балалар құқықтарын қорғау бойынша әлемнің үздік 25 елінің қатарына енді. «KidsRights 2026» жаһандық индексінің қорытындысы бойынша, еліміз 194 мемлекеттің ішінде 24-орынға тұрақтады.
Халықаралық сарапшылар рейтингте балалардың білімі мен денсаулығын, өмір сүру деңгейі мен қауіпсіздігін басты назарға алған.
Жыл сайын 500-ден астам күрделі ота жасалады
Алматыдағы Кардиологиялық орталықта жыл сайын жүрекке 500-ден астам күрделі ашық ота жасалады.
1896 жылы іргетасы қаланған емдеу мекемесінде бүгінде медициналық көмектің 18 түрі көрсетіледі. Мұнда дәрігерлер жыл сайын 11 мыңға жуық науқасты стационарлық емдеуден өткізіп, 3 мыңға жуық стенттеу және 1 мыңнан астам аритмологиялық ем-шараны сәтті жүзеге асырып келеді.
Тұтынушыларға 306 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды
Астанада жыл басынан бері тұтынушыларға 306 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл туралы қалалық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті хабарлады.
Бірінші жартыжылдықта мекемеге мыңдаған шағым түскен. Тұрғындар көбіне сапасыз тауарлар мен қызметтерге, затты қайтарудан бас тартуға және жеткізу мерзімінің кешігуіне наразы болған.
Нәтижесінде 2,5 мыңға жуық азаматтың құқығы қорғалып, ақшалары өздеріне қайтарылды.
Еуропа кубогы: Дзюдошылар 4 медаль жеңіп алды
Чехияның Прага қаласында өткен дзюдодан Еуропа кубогында Қазақстан құрамасы 4 медаль жеңіп алды. Оның екеуі – алтын, біреуі – күміс және біреуі – қола.
Жарыстың соңғы күнінде ерлер арасында аса ауыр салмақта Ғалымжан Қырықбай чемпион атанды. Ол финалда тағы бір қазақстандық татами шебері Жантілек Нұртілекұлынан басым түсті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы