Басты Жаңалықтар Қызылорда облысында теміржол вокзалдары жаңартылды

Қызылорда облысында теміржол вокзалдары жаңартылды

Қызылорда облысында теміржол вокзалдары бастан-аяқ жөнделіп жатыр. Бірқатар нысанда құрылыс жұмыстары аяқталып, қайта ел игілігіне берілді.

Қазалы вокзалы – еліміздегі тарихи ғимараттардың бірі. Станцияның іргетасы қаланғанына биыл 125 жыл толып отыр. Ғасырдан астам уақыт өткен көне вокзал қайта жаңғырып, жолаушыларға есігін айқара ашты.

Жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер тарихи ғимараттың сыртқы сәулетін сақтап, ішкі бөлігін заман талабына сай жаңартқан.

Қайрат Ерназаров, мердігер компания директоры:

Әр құрылысшы артынан бір жақсы нәрсе қалса екен деп армандайды. Вокзал ұзақ жылдар бойы қызмет жасасын. Артымыздан жақсы із қалсын деген оймен басталып, аяқталған құрылыс болды.

Қазалы станциясы – облыстағы ең үлкен вокзал. Ғимараттың аумағы 8 мың шаршы метрден асады. Мұнда екі күту залы, балалар мен аналарға арналған бөлме бар.

Жалпы, жеті аудан орталығы мен үш елді мекендегі теміржол станцияларын жөндеуге 10 млрд теңге қаржы қаралған.

Жәнібек Сыздықов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

Бүгінгі күні 4 вокзалымыз қайта жаңғыртудан өтіп, тапсырылды. Алдағы шілде айында тағы төртеуі, тамыз айында екі вокзал іске қосылатын болады.

Шиелі вокзалы да жаңа келбетке ие болды. Жөндеуден өткен ғимарат 200 жолаушыны қабылдай алады. Электр желілері мен жылу жүйесі толықтай ауыстырылды. Теміржол аумағы абаттандырылып, келіп-кетушілерге қолайлы жағдай жасалды.

Құттықыз Шайққызы, аудан тұрғыны:

Қаншама жағдай жасалған. Сондықтан да біздің қаладан ешқандай кемдігіміз жоқ. Мен қатты қуанып, бір жағынан толқып та тұрмын. Осындай ізгі бастаманы қолға алып жатқан еліміздің басшыларына рақметімді айтып, Шиелі халқының атынан алғысымды білдіремін.

Шипалы батпағымен танылған Жаңақорған кентінің вокзалы да жаңарып, ауыл тұрғындарын қуантты. Ескі ғимараттың қасбеті қапталып, шатыры мен есік-терезелері ауыстырылған. Жыл бойы қонақ арылмайтын аудан үшін бұл жобаның жүзеге асуы туристік әлеуетін арттыра түспек.


Бөлісу