Басты Жаңалықтар Баспана кезегінде кімдерге басымдық беріледі?

Баспана кезегінде кімдерге басымдық беріледі?

Мемлекеттік тұрғын үй алу мүмкіндігін тек кезек нөмірі анықтамайды. Басымдық берілетін санаттар, отбасы жағдайындағы өзгерістер мен жеңілдік тетіктері де маңызды рөл атқарады. Баспана бөлу кезінде қандай талаптар ескеріледі және кезекте тұрған азаматтардың құқықтары қалай қорғалады? Толығырақ тілші материалында.

Ернұр Медет, тілші:

Кезекке тұру үшін, ең алдымен, соңғы бес жыл ішінде азаматтың өзінің және отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмауы керек. Астана, Алматы және Шымкент сияқты мегаполистерде кемінде үш жыл тұрақты тіркеуде тұру талабы сақталады.
Баланың 18 жасқа толуы ата-анасының кезектегі мәртебесін өзгертпейді. Отбасы бұрынғыдай тізімде қала береді. Сондай-ақ мүгедектігі бар баланы кезекке мүгедектік мәртебесі ресми белгіленген сәттен бастап қоюға болады.
Жетім балалар 29 жасқа дейін кезектегі орнын жоғалтпай, басқа өңірге ауыса алады. Мұндай мүмкіндік тек осы санатқа берілген.
Мамандардың айтуынша, тұрғын үй бөлу кезінде тек кезек нөміріне сүйену дұрыс емес. Мемлекеттік баспаналардың шамамен 70 пайызы көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға, ардагерлерге және әлеуметтік осал топтарға беріледі.
Сондықтан отбасындағы кез келген өзгерісті дер кезінде тіркеп, жүйедегі мәліметтерді тұрақты түрде жаңартып отыру маңызды. Ал егер азаматқа жалдамалы тұрғын үй берілгені туралы хабарлама келсе, 5 жұмыс күні ішінде Baspana Market жүйесіндегі жеке кабинет арқылы ұсынысты қабылдауы немесе одан бас тартуы қажет. Белгіленген мерзімде жауап берілмесе, ұсыныс күшін жояды.


Бөлісу