Басты Жаңалықтар ҚХП жаңа төрағасын сайлады

ҚХП жаңа төрағасын сайлады

Астанада Қазақстан Халық партиясының кезектен тыс XXIV съезі өтті. Жиында делегаттар партияның жаңа төрағасын сайлады. Олар бірауыздан «Құрмет» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, Қазақстан Халық партиясының Алматы қалалық және Алматы облыстық филиалдарын басқарған Нұрсұлтан Шоқановтың кандитатурасын қолдады. Ал бұған дейін партия төрағасы қызметін атқарған Ермұхамет Ертісбаев съезд делегаттарының алдында соңғы үш жылдағы жұмысты қорытындылады. Оның айтуынша, VIII шақырылым басталғалы партия фракциясының депутаттары Үкіметке азаматтардың өзекті мәселелерін қамтитын 591 депутаттық сауал жолдаған. Осы уақыт ішінде партия қатарына 43 мыңнан астам жаңа мүше қабылданған. Съезд барысында делегаттар Қазақстан Халық партиясы жарғысының жаңартылған редакциясын және партияның жаңа айдентикасын да бекітті. Өзгерістер ішкі жұмыстың тиімділігін арттыруға, партиялық тәртіпті күшейтуге бағытталған.

Нұрсұлтан Шоқанов, Қазақстан Халық партиясының төрағасы:
Өздеріңіз білетіндей, мен бұрыннан Халық партиясында жұмыс істеймін. Партиядағы әріптестерімізді, мүшелерімізді жақсы білемін. Бүгін мен іргетасы берік, қуатты ұйымның тізгінін қабылдап отырмын. Сіз бен біз болып, осы сабақтастықты сақтап, қол жеткізген нәтижелерімізді нығайтатынымызға және ҚХП-ны жаңа деңгейге көтеретінімізге сенімдімін.


Бөлісу