Үкімет халықтың табысын арттыру шараларын күшейтіп жатыр
Биыл Үкімет инфляцияны 10%-дан төмен түсірмек. Бұл жөнінде Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар сұрақтарына жауап берген Үкімет басшысы халықтың табысын арттыруға бағытталған шараларға нақтырақ тоқталды. Самал Қабышеваның бейнематериалы.
Бүгін Парламент Үкіметтің былтырғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін тыңдады. Қос палатаның бірлескен отырысында қаржы министрі Мәди Такиев мәлім еткендей, былтыр ел экономикасы 6,5%-ға өскен.
Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:
Жалпы, республикалық бюджеттің кірістері жоспардың 99%-ына орындалып, 21,4 трлн теңгені құрады. Оның ішінде республикалық бюджеттің меншікті кірістері, трансферттерді есептемегенде, 15,3 трлн теңгеге жетті. Салықтық түсімдер 2,2 трлн теңгеге немесе 17,5%-ға өсті.
Қаржы министрінің есебінше, бір жылда 198 мектеп пен 655 медициналық нысан салынды. 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ алты жарым мың шақырымнан астам электр, жылу, сумен жабдықтау және су бұру инженерлік желілері жөнделді.
Енді Ұлттық қордағы әр қаражат қатаң бақыланады.
Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы:
Ұлттық қорды басқару жүйесінде түпкілікті алушыға дейін цифрлық қадағалау тетігі маңызды. Жоспарлаудан бастап, нәтижеге мониторингтеуге дейін барлық барлық процесті автоматтандыру қажет.
Үкімет халықтың табысын арттыру шараларын күшейтіп жатыр. Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар сұрақтарына жауап берген Үкімет басшысы қолға алынған шараларға тоқталды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Жоспарда нақты табыстың өсуіне ықпал ететін барлық шара қамтылған. Оның ішінде бүгінде импортталатын тауарларды ел ішінде өндіру арқылы импорттық инфляцияны төмендету, сондай-ақ мемлекеттік қолдау алатын кәсіпорындардағы қызметкерлердің жалақысын көтеру жөніндегі міндеттемелерді енгізу секілді кешенді шаралар бар. Біз осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз.
Самал Қабышева, тілші:
2029 жылға дейін халықтың табысын арттыруға бағытталған жаңа жоспар іске асады. Басты мақсат – жалақыны өсіріп, тұрақты жұмыс орындарын көбейтіп, қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсарту. Үкімет осы бағыттағы кешенді жоспарды бекітті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы