Басты Жаңалықтар Әскерге шақыру мен ант қабылдау жаңа форматқа көшеді

Әскерге шақыру мен ант қабылдау жаңа форматқа көшеді

Елімізде әскерге шақыру, ант қабылдау және әскери қызметтен босату жаңа форматқа көшеді. Яғни, ерекше салтанатпен ұйымдастырылады. Бұл қадам әскердің беделін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгін Ақмола облысында «Айбын-2026» әскери-патриоттық жиынын қортындылаған Президент осылай деді. Халықаралық сайыстың нәтижесі қандай, Мемлекет басшысы саланы дамытуға қатысты тағы қандай ұсыныс айтты?

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Әскерінің айбынын танытып, өз елдерінің намысын қорғаған жас сарбаздар сап түзеп, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты күтіп тұр. Сәлден соң Мемлекет басшысы «Айбын-2026» әскери-патриоттық жиынында көзге түсіп, үздік атанғандарды құттықтайды.

Биыл сайыстың туы Ақмолада тігіліп, айбындықтар алғаш рет Бурабай бөктерінде бас қосты. Жарысқа Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан мен Өзбекстанның атынан 53 команда қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Байрақты бәсекеде еліміздің ең мықты, ең жігерлі жас сарбаздары лайықты өнер көрсетті. Сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген достас, бауырлас мемлекеттердің жастары бақ сынады. Бүгін мен бәріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Дүбірлі дода еліміз үшін шын мәнінде аса маңызды кезеңде өтіп жатыр.

Әскери додаға қатысқан 900-ден астам сарбаздың 90 пайызы 14 пен 17 жас аралығындағылар. Жас патриоттар физикалық ептілігінен бөлек, тапқырлығын, шығармашылығын ортаға салды. Солардың бірі – Олжас Қалижаров. Абай облысының өкілі биылғы сайыстың «Үздік жас сарбазы» атанды. Ол робототехника саласы бойынша топ жарған.

Олжас Қалижаров, «Абай қырандары» командасының өкілі:

Бұл номинацияға ие болуға маған екі жыл уақыт кетті. Мен командамды жеңіске жеткізе алмасам да, мені командам жеңіске жеткізді. Сол үшін рахмет айтамын.

Иә, жарыстың да мақсаты осы. Бозбалалар мен бұрымдыларды тек темірдей тәртіпке үйретіп қана қоймай, ұжым болып әрекет етуге, бірлікке баулу. Осылайша бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің курсанттары үздік атанды. Гран-при иелері басты қарсылас – Өзбекстан құрамасын 8:4 есебімен артта қалдырған.

Сағынтай Сағынбек, С. Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің курсанты:

Осы дүбірлі дода үлкен ауқымда өтті. Біз, Қазақстан Республикасы, гран-при иесі болдық. 3 күн 12 түрлі жарыс бойынша сайыстық. Сосын гран-приге шықтық. «Күшіміз – бірлікте» атты әскери-тактикалық жүгірістен өттік. Сонымен бірінші келіп, гран-при алдық. Ол өте әсерлі болды, «Айбын» туын көтеріп, елдің туын одан бетер биіктеттік.

Осымен 12 жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған жиында қатысушылар 13 түрлі жарыста бақ сынады. Оның екеуі – жаңа бағыт. Атап айтсақ, жас сарбаздар жүзуден және «Жасанды интеллект» сайысы бойынша да білім-білігін паш етті. Көрші елдің өкілдері доданың тартысты өткенін айтып отыр.

Асадбек Рықсыбаев, Өзбекстан құрама командасының капитаны:

Біз бұл сайысқа 16 адам болып келдік. Жарыста екінші орынды иелендік. Барымызды салдық, дегенмен қазақ жастары өте мықты әрі тегеурінді. Есе жібердік. Енді кеткен кемшілікті түзеп, келесі жолы мықты дайындықпен келеміз.

Иә, көрші ел өкілдерінің сөзінше, жарыс жоғары деңгейде өтті. 5 күн қатарынан таң сәріден дабылмен оянып, майдан даласына аттана сала атыс-шабыс алаңына тап болған жас сарбаздарды аспаннан тікұшақтар торуылдап, жерде танкілер атқылағаны – жай ғана сынақ, жаттығу. Осындай кедергілерден сүрінбей, ысылып шыққан әрбір жауынгер ертең ел қорғанына айналары сөзсіз. Осы тұста Президент әскери қызмет – азаматтықтың белгісі әрі қастерлі конституциялық міндеті екенін еске салды. Ал мемлекеттің міндеті кәсіби деңгейі жоғары әскерилерді тәрбиелеудің тиімді жүйесін қалыптастыру деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әскери қызмет – азаматтықтың белгісі әрі қастерлі конституциялық міндет. Біз Қарулы күштерді дәйекті түрде жаңғыртуды қолға алдық. Армияға және әскери білім беру жүйесіне цифрлық технологиялар, жасанды интеллект пен даярлықтың озық стандарттары белсенді түрде енгізілуде. Бұл – заман талабы. Сондықтан қазіргі күрделі сын-қатерлерге төтеп беру үшін дайындығымыз сақадай-сай болуы қажет. Қазір жастар арасында және жалпы қоғамда әскердің беделін көтеру, абыройын арттыру маңызды. Ол үшін мынадай шаралар қабылданбақ.
Бұдан былай әскерге шақыру, ант қабылдау және әскери қызметтен босату секілді үш кезең мемлекеттік протокол тәжірибесіне сәйкес жаңа форматта, ерекше салтанатпен ұйымдастырылады. Мұндай есте қаларлық рәсімдер аталған іс-шаралардың мән-маңызын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтады. Сонымен қатар жастар арасында және жалпы қоғамда әскердің беделін айтарлықтай көтереді. Сарбаз болу — зор мәртебе. Қарулы күштер сапында борышын өтеген әр азамат көпшілік құрметіне бөленуі керек.

Қазақстанның беделін арттырып, көшін алға бастайтын жалынды жастар деді Президент. Ал олардың рухын шыңдайтын, олардың өмір жолындағы темірқазығы – Жаңа Конституция. 1 шілде күні заңды күшіне енетін басты құжатымыз ел дамуының мүлдем жаңа дәуірге қадам басуына мүмкіндік бермек.

Жастарды отаншылдыққа тәрбиелейтін шаралардың бірі һәм бірегейі «Айбын» әскери-патриоттық жиыны. Осы маңызды сайысты қорытындысы Ш. Уәлиханов атындағы Кадет корпусының базасында өтті. Сонау 1996 жылы Президент Жарлығымен құрылған оқу орны бүгінде Қарулы Күштер қатарына кәсіби сержанттарды даярлайды. Соңғы 29 жылда әскер қатарына 3200 сапалы маман қосқан колледжді Президент өзі аралап, жұмысымен танысты.

Бөлісу