Басты Жаңалықтар Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы реформаларды талқылады

Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы реформаларды талқылады

«Жаңа Қазақстан: Конституциялық референдум мен демократиялық жаңғырудың нәтижелері». Осындай атпен Брюссельде өткен басқосуда Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы соңғы реформаларды талқылады. Еуропарламентарийлердің пайымынша, Жаңа Конституция саяси институттарға еркіндік беріп, билік пен бұқараның байланысын бекемдеді. Вице-президент лауазымын енгізу, бір палаталы Парламентке көшу заң шығару процесін жеделдетіп, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады, дейді саясаткерлер. Сондай-ақ, конференцияға жиналғандар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгияға жасаған ресми сапарының нәтижелеріне жоғары баға берді. «Бұл сапар Астана мен Брюссель арасындағы қарым-қатынастың сенім мен өзара құрметке құрылғанын дәлелдеді», – дейді депутаттар.

Андрей Ковачев, Еуропалық парламент депутаты:

Біз Президент Тоқаевтың Брюссельге сапарын және Еуропалық Одақпен жасалған талқылаулар мен келісімдерді құптаймыз. Бұл Қазақстан мен Еуропа халқының игілігі үшін, екі экономиканы көтеруге бағытталған уағдаластықтар. Біз елдеріңізбен көлік, экономика, шикізат секторында ынтымақтастықты одан сайын күшейтуге мүдделіміз.

Джузеппина Принчи, Еуропалық парламенттің Орталық Азия және Моңғолиямен байланыс делегациясының жетекшісі:

Орталық Азиямен қарым-қатынас жөніндегі делегация мүшелері Қазақстанның демократияны дамытуға, адам құқықтарын құрметтеуге бағытталған маңызды конституциялық реформаларға басымдық бергеніне куә болып отыр. Наурызда өткен референдумның нәтижелері Қазақстандағы демократияның айқын дәлелі. Елдеріңіз Еуропамен қатынасты күшейтуге күш салып келеді.


Бөлісу