Ақтөбе облысының су қоймаларына миллиондаған текше метр су келді
Ақтөбе облысында үш апта бойы тоқтаусыз жауған нөсер жауын халыққа уақытша жайсыздық тудырғанымен, оның пайдасы да мол болды. Өңірдегі ірі үш су қоймасы мен өзен-көлдерге көп көлемде су келді. Табиғат сыйына әсіресе, бақша салып, дән сепкендер ерекше қуанып отыр.
Ізгілік Сәндібеков Қарғалы ауданында картоп егумен айналысады. Кейбір жылдары ылғал болмай, еңбегі зая кеткен кездері де болды. Дегенмен биыл мол өнім алудан үмітті. Өйткені, судан мәселе жоқ. Арыққа дейін құбыр тартып, су айдайтын ерекше мотор орнатып алды. Бұл құрылғының ерекшелігі – тракторға жалғанып жұмыс істейді. Электр энергиясын қажет етпейтіндіктен, қаржыға да үнем.
Ізгілік Сәндібеков, бағбан:
Соңғы жаңбырлар жақсы болды, егінге де картопқа да. Ылғал берді жерге. Қоймалар да толды суға. Әйтеуір жаздай суаруға мүмкіндік болады бізде.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Қазір біз «Ақтөбе» су қоймасында тұрмыз. Бұл аймақтағы ең ірі су айдындарының бірі. Мұнда соңғы апталардағы жаңбырдан кейін қосымша 4 жарым миллион текше метр су келді.
Қазір өңірдегі ірі су қоймаларында 100 млн текше метрден астам су бар. Енді, облыс орталығындағы бау-бақша егумен айналысатын тұрғындардың уайымдауына негіз жоқ. Жаңбырлы маусымда Қарғалы және Сазды қоймаларына да миллиондаған текше метр су жиналды.
Тимур Тілеуов, «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары:
Қарғалы су қоймасына бір жарым млн астам су келді және Сазды су қоймасына 400 мыңнан астам су келді. Оның бәрінің, судың пайдасы бар. Су керек.
Мамандардың айтуынша, көктемде су айдындарына қажетті деңгейде су жиналмады. Дегенмен, соңғы үш аптадағы жауын-шашын оның орнын толтырған. Ақтөбе, Қарғалы қоймаларындағы су көлемі өңірдегі шаруашылықтар мен өндіріс орындарының қажеттілігіне толық жетеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы