Басты Жаңалықтар Қытайға экспорт артады

Қытайға экспорт артады

ҚХР Үрімші қаласында «Қытайға экспорт» атты форум өтті. Халықаралық бас қосу Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда - экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Жиында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ұлттық экономика министрі, Серік Жұманғарин екі ел арасындағы экономикалық байланыстарға тоқталды. Жиынға Абай облысының делегациясы да қатысты. Абай облысы кәсіпорындарының өзі Қытай нарығына металлургия, ауыл шаруашылығы өнімдерін, минералдық шикізатты және басқа да тауарларды экспорттайды. Осыған дейін Қытайдың Алтай қаласында өткен «Үлкен Алтай – 2026» халықаралық субөңірлік ынтымақтастық конференциясында облыс кәсіпкерлері қытайлық серіктестермен 6 инвестициялық меморандумға және білім беру саласындағы келісімге қол қойған.

Берік Уәли, Абай облысының әкімі:

2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында Абай облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тауар айналымы 952 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың осы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43 пайызға жоғары. Ал экспорт көлемі 842 миллион АҚШ долларына жетіп, 41 пайызға артты. Бұл – кәсіпкерлердің еңбегі, инвесторлардың сенімі және екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың нығайып келе жатқанының нақты көрінісі.

«Қытайға экспорт» форумы - жаңа өндірістердің ашылуына, экспорт көлемінің артуына және Қазақ - Қытай арасындағы достық пен әріптестікті бекемдейтін алаңға айналды. Қазір қытайлық серіктестермен Абай облысында бірлескен ірі жобалар жүзеге асырылуда. «СУТО Қазақстан» компаниясының қатысуымен Семейде чиптер мен электрондық құрылғылар өндіретін индустриялық парк құрылса, «Синьи ЛТД» компаниясы заманауи сауда логистикалық кешенінің құрылысын бастады. «Бақты» жеке индустриялық аймағын дамыту бойынша жұмыс жалғасып жатыр. «Бақты» өткізу пунктін жаңғырту және «Аягөз – Бақты» теміржол желісін салу да екі ел арасындағы байланысты арттырады.


Бөлісу