Басты Жаңалықтар Президент жаңа Конституцияны қабылдауға журналистердің қосқан үлесін жоғары бағалады

Президент жаңа Конституцияны қабылдауға журналистердің қосқан үлесін жоғары бағалады

Бүгін Президент ел журналистикасы мен телевизиясының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін медиа саласының үздік мамандарына жоғары мемлекеттік наградалар табыстады. Салтанатты жиын барысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер берілетіні айтылды.

Сондай-ақ, Президент жаңа Конституцияны қабылдауға журналистердің қосқан үлесін жоғары бағалап, оларды жаңа Ата заңның авторларының бірі деп атап өтті. Масс-медиа өкілдерінің жаңа Конституцияны қабылдауға қосқан үлесіне кеңінен тоқталып, Конституция – халқымыздың темірқазығы, әділетті қоғамның мызғымас тұғыры екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттың үні, қоғамның айнасы деуге толық негіз бар. Өйткені азаматтарымызбен қатар, күллі әлем қауымдастығы елімізде жасалып жатқан ауқымды өзгерістердің түпкі мәнін, ең алдымен, отандық медиа арқылы танып, біледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан журналистері осы жауапкершілікті терең сезініп, кәсіби міндеттерін жемісті атқаруда. Наурыз айында біз – бәріміз бір ел болып, конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Жалпыұлттық референдум кезінде халқымыз мемлекеттің келешегін айқындайтын тарихи таңдауын жасады. Еліміздің бас құжаты – жаңа Конституциямыз өз тұғырына қонды.
Ата заңды әзірлеу және қабылдау оңай шаруа емес екені анық. Бұл – бірлігі бекем, рухы биік және жарқын болашаққа деген сенімі зор ұлттың ғана қолынан келетін бірегей қадам. Біз осы мақсатқа жету үшін ұзақ жолды жүріп өттік. Арнайы Конституциялық комиссия құрып, Негізгі заңның әр бабын ел мүддесі тұрғысынан мұқият сараладық.
Бүкіл жұртты бір мұратқа ұйыстырған ортақ істе медиа саласы мамандарының маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өту қажет. Журналистер қауымы Конституциялық комиссияның қызметі туралы сапалы және мазмұнды хабарлар таратты.


Бөлісу