Еуропада аптап ыстықтан мектептер жабылып, пойыздар тоқтады
Еуропада аптап ыстық тұрғындарды әбден әбігерге салды. Италия, Испания, Францияда термометр 40 градустан түспей тұр. Бірнеше мемлекетте қауіптің қызыл түсі жарияланды. Ыстықтың кесірінен мектептер жабылып, қаларалық, халықаралық пойыздар тоқтады. Дәрігерлер ауруханаға түсушілердің саны күрт көбейді деп дабыл қағуда.
Испания астанасы Мадридтегі автобус аялдамаларында термометр 45 градусты көрсетіп тұр. Тұрғындар мен туристер теңізде, субұрқақтарда шомылып, саябақтарда жан сақтауда. Аптап ыстықтан мектептер жабылып, емтихандар кейінге шегерілді.
Хуан Антонио Касас, бухгалтер:
Кеңседе жақсы, көшеге шықсам жағдайым нашарлайды. Бақытыма орай үйде кондиционер бар, тоққа көп ақша төлеймін енді. Бірақ басқа амалым жоқ. Көшеге шығу қорқынышты.
Францияның Бордо, Ренн қалаларында сынап бағанасы 44 градусқа жетті. Елдің Оңтүстік Батысындағы Гольфейкс атом электр станциясы уақытша жабылды. Себебі, реакторларды салқындату үшін пайдаланатын Гаронн өзенінің суы қызып кеткен. Бесінші мемлекетте бір аптада ыстықтың кесірінен 40 адам қайтыс болды. Бельгияда да «салқындаймын» деп өзенге түскен екі жасөспірім суға кетті. Ауруханаларға күн өтіп, қан қысымы көтеріліп, соңғы үш күнде мыңнан астам адам түскен.
Валери Дюмон, дәрігер:
Жағдай қиын. Ең алдымен балалар, қарт адамдар және созылмалы аурулары бар азаматтар қауіп тобында. Күннің ең ыстық уақытында сыртқа шықпауға, көп су ішуге және жеңіл киім киюге кеңес береміз.
«Күн шыжып, рельстер кеңейді, жол қауіпсіздігіне қатер төнді» деп теміржол компаниялары Брюссельден Париж бен Лондонға қатынайтын пойыздарды тоқтатуға мәжбүр болуда. «Күннің ысуына климаттың өзгеруі әрі қуатты антициклон себеп» деген метеорологтар аптаның соңына дейін ауа температурасы 40 градустан түспейді деп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, соңғы төрт жылда Еуропада аптап ыстықтан 200 мыңнан астам адам көз жұмған. Биыл мұндай қайғыға тап болмас үшін ұйым басшылығы сақтық шараларын күшейтуге шақырады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы