Басты Жаңалықтар Жалақы өседі, салық жеңілдігі енгізіледі: Үкімет жоспар түзді

Жалақы өседі, салық жеңілдігі енгізіледі: Үкімет жоспар түзді

Жалақы өседі, ипотека төлейтіндерге салық жеңілдігі беріледі.Үкімет халықтың әл-ауқатын көтеруге арналған кешенді жоспарды жариялады. Ол қашан іске асады? Экономистер не дейді? Жанел Нұрболатқызы тарқатады.

Министрлер кабинеті жалақыны жыл сайын 10 пайызға өсіруді көздеп отыр. Табысты көтеріп қана қоймай, оның инфляциядан үнемі 2-3 пайыз көп болуын қадағалайды. Негізінен төмен және орта жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысы көтеріледі. Әкімдіктер кәсіпорындардың басшыларымен, мемлекеттен қолдау алып отырған кәсіпкерлермен кездесу өткізбек. Мақсат  –  жалақының қағаз жүзінде ғана емес, ұжымдық шарт негізінде тұрақты өсіп жатқанына көз жеткізу.

Ерділдә Таутенов, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Бұл дегеніміз бірдей жауапкершілік. Яғни мемлекет көмек көрсетсе, бизнес өкілдері де өз тарапынан жұмыскерлерін ойлап, олардың жағдайын жасап, жалақыларын көтеруге міндетті болады.

Жалақыны көтеруден бөлек, құжат тағы 5 бағытты, 60-қа жуық іс-шараны қамтиды. Мәселен, ипотека төлейтіндер үшін салық жеңілдігі берілуі мүмкін. Айталық, 300 мың теңге айлық алып, соның тең жартысын несиеге жұмсайсыз. Мұндай жағдайда мемлекет табысыңызды тек 150 мың теңге көлемінде деп есептейді де, салық көлемін де соған қарай белгілейді.

Ләззат Нұрғалиқызы, экономист:

Мемлекетке мұның пайдасы өте зор және халыққа да беретіні өте көп өйткені себебі қазір шынымен де біздің жұмыс жасауға жарамды 9 жарым млндай адамымыз болса соның 90 пайызы несиеге байланған ғой. Қай жағынан да экономиканың дамуына әсер етеді. Бұл жалпы әлеуметтік экономикалық саясат,олкез-келген шет елдерде қолданатын негізгі әдіс.

Маңызды жоспардың бірі – жыл сайын 240 мыңға дейін жұмыс орнын ашу көзделген. Ауыл  тұрғындарына 30 мыңнан астам микро-несие беріледі. Бұдан бөлек, несие шарттарын түсінікті етіп көрсететін стандартты құжат енгізіледі.  Яғни, әдейі ұсақ шрифтпен жасырын төлемдерді міндеттемекші болған банктер енді заң жүзінде жауап береді. Сондай-ақ, банкроттық рәсімі жеңілдетіліп, оның мерзімі бір айға дейін қысқартылады. Мұның бәрін Үкімет алдағы 4 жылда іске асыруды жоспарлап отыр.

Бөлісу