Әлеуметтік демалыс ережелеріне өзгеріс енгізілді
Скринингтен өту үшін 3 күнге берілетін әлеуметтік демалыс ережелеріне өзгеріс енгізілді. Келер жылдан бастап цифрлық жүйеге көшеді. Денсаулығын тексерту үшін берілетін демалысты қалай алуға болады? Жұмыс беруші қызметкерді жұмыстан босатпауға құқылы ма? Толығырақ тілшіміз Айжан Иманғали тарқатады.
Айжан Иманғали, тілші:
Скринингтен өтуге арналған демалыс беру жүйесін Еңбек пен Денсаулық сақтау министрліктері цифрландырып жатыр. Келер жылдан бастап емхана eGov арқылы қызметкердің өзі мен жұмыс берушісіне тексеріске келуі қажет екені туралы хабарлама жібере бастайды. Ескертуден кейін жұмыс беруші қызметкерге 3 күнге дейін демалыс беруге міндетті.
Жандос Тұяқов, заңгер:
Міндетті түрде арыз қабылданып алынуы тиіс. Егер да қандай да уақыт ішінде жұмыс беруші жауап бермесе немесе скрингтен демалыс беруден бас тарқан жағдайда онда кез-келген азамат Еңбек инспекциясына шағыммен жүгінуге құқылы. Еңбек Кодексінің 887 бабының 5-ші пунктіне нақты көрсетілген, яғни жалақысы сақталып қалады деп. Яғни, үш күнде жұмыс істемеді, ол үшін ақша төленбейді деген мәселе жоқ.
Жұмыстан сұранбауды жөн көріп, скринингтік тексерулерден өзінің жыл сайынғы еңбек демалысы кезінде өтетін азаматтар да бар. Ондай жағдайда қызметкер тиесілі үш күндік әлеуметтік демалысын талап ете алмайды. Тағы бір маңызды жайт, егер адам барлық қажетті тексерулерді бір күнде өтсе, қалған екі күн оған берілмейді. Ал, егер тексерулер бес күнге созылса да үш күннен артық ала алмайды.
Гүлжан Тоқанқызы, №5 Республикалық отбасылық денсаулық сақтау орталығының бөлім меңгерушісі:
Қандай да бір ақау шығатын болса, оны біз ары қарай тереңдетілген мамандарға жібереміз және тексеруден өткіземіз. Мысалы мамография делік, мамографиядан алынған нәтиже күмәнді болса 2-3 күннің ішінде тездетіп науқас тиісті маманға жіберіледі.
Ерекше ескеретін жайт, қызметкер скринингтен өткені туралы анықтаманы кадр бөліміне өткізуге міндетті. Бұл құжат оның денсаулығын тексерту үшін демалыс алғанын дәлелдейді. Ал скринингтік зерттеулер тегін. Қатерлі дерттің алдын алу үшін тексеруден өту 30 жастан басталады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы