Басты Жаңалықтар Кабулда Қазақстанның сауда үйі ашылды

Кабулда Қазақстанның сауда үйі ашылды

Үш жарым мың жылдық тарихы бар, Ұлы Жібек жолының бойында талай өркениетті тоғыстырған көне шаһар Кабулдамыз. Керуен ізі көмескі тартқанымен, оның күретамыр болған жолдары әлі де маңызын жоғалтқан жоқ. Себебі Ауғанстан Орталық Азияны - Оңтүстік Азиямен жалғайтын табиғи дәліз саналады. Бұл бағыт арқылы болашақта 200 миллионнан астам тұтынушысы бар Пәкістан нарығына одан әрі Үнді Мұхиты арқылы Парсы шығанағы елдеріне шығуға мүмкіндік бар.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

Жолдың бәрі Ауғанстан арқылы өтеді қазіргі уақытта. Сол  себепті де соған жету үшін әрине, біраз қазір шара қабылдап жатырмыз. Біріншіден, қазіргі уақытта Ауғанстан арқылы темір жол салу. Оған біраз кедергілер бар, біраз қазіргі уашытта шешімдер біздер Өзбекстан, БАӘ әріптестерімен бірігіп шешімдер іздеп жатырмыз.

Бұған дейін Алматы мен Астанада өткен бизнес-форум бұл жолы Кабулда жалғасын тапты. Жиынға агроөнеркәсіп, машина жасау, химия, IT және фармацевтика салаларындағы 50-ге жуық қазақстандық компания қатысты. Еліміз бүгінде Ауғанстанның негізгі азық-түлік жеткізушілерінің бірі. Кабулда жаңадан ашылған Қазақстан сауда үйі енді өзара байланысты одан сайын нығайта түседі,-дейді кәсіпкерлер.

Қанат Құдайберген, кәсіпкер:

Жаңа қалыптасып келе жатқан базарлы нарық болғандықтан, бұл жерде мысалы тауарларды көру керек, қолмен ұстап көру керек, дәмін татып көру керек деген сияқты сондай кішкене талаптары бар да. Сондықтан, сол үшін біз тауарларды осы жерге алып келіп, осы жерде сақтап барып сатсақ, сонда сату күші, әлеуметі күшейеді, сенім болады. Екінші мәселе - жаңағы транзакциялыш мәселелер. Мысалы, тауарды тауар үшін ақша төлеген кезде ауғандық компаниялар Қазақстанда транзакция жасаудың керегі жоқ, сауда үйіне мысалы транзакция жасайды, біз әрі қарай өзіміз Қазақстанмен есептесеміз мысалы.

Расында, Ауғанстан - алып нарық. Халқының саны 40 млннан асады. Қазақстаннан шығатын ұнның 70 пайыз осы елге жөнелтіледі. Одан бөлек бидай, күнбағыс майы, құрылыс материалдары мен дәрі-дәрмек те экспортталады. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 542 миллион долларға жеткен. Енді тараптар бұл көрсеткішті 6 есе арттыруды жоспарлап отыр. 

Айтмұхамед Алдажаров, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директоры:

Машина жасау, автокөлік сату, ауыл шаруашылығы техникасы және фармацевтика бағыттарын дамыту көзделіп отыр. Жоспар бойынша мұнда ірі дәрі-дәрмек қоймасы мен автосалон ашылады. Сондай-ақ үш мың шаршы метрлік бизнес-орталық салынып, көрме залы, B2B келіссөз алаңдары және инновациялық технологиялар павильоны жұмыс істейтін болады. Біз бұл жобаны екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайтатын стратегиялық қадам деп санаймыз.

Ауғанстан аяққа тұрғысы келеді. Тұрақтылыққа талпынып та жатыр. Кабулдың тағдыры күрделі болғанымен, географиялық орналасуы мол мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Сондықтан Қазақстан көмектесуге әрі ортақ әріптестікті дамытуға да мүдделі.


 


Бөлісу